Header Banner

Астаналық көпбалалы әке: Әр дауыс қаланың дамуына ықпал етеді

Астаналық көпбалалы әке: Әр дауыс қаланың дамуына ықпал етеді
Фото: ұйымдастырушылар

Мәслихат депутаттарының сайлауы – елорда тұрғындары үшін маңызды қоғамдық-саяси науқандардың бірі. Бұл күн азаматтарға отбасымен бірге бас қосып қана қоймай, отбасы мүшелеріне өз таңдауын жасап, қала өміріне араласуға мүмкіндік береді. Өйткені әрбір тұрғын дауыс беру арқылы өзі тұратын ауданның, көшесі мен ауласының дамуына үлес қоса алады. Осы орайда Астана қаласы «Нұра» ауданы Әкелер кеңесінің жетекшісі, бес баланың әкесі Шыңғысхан Қожахметов отбасымен бірге сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, сайлауға отбасымен бірге қатысу – азаматтық жауапкершілікті сезінумен қатар, балаларға үлгі көрсетудің де бір жолы. 

«Депутаттарды сайлау арқылы әрбір қала тұрғыны өзі тұратын ауданның, көшесі мен ауласының дамуына ықпал ете алады. Қоғамдық бақылау, қаржының бөлінуі, жайлы әрі қолайлы ортаны қалыптастыру сияқты мәселелерде мәслихат депутаттарының рөлі зор. Сондықтан әрбір азамат сайлау құқығын пайдаланып, дауыс беруге қатысуы маңызды. Әр адамның таңдауы маңызды», – деді ол.

Сондай-ақ Шыңғысхан Қожахметов сайлаушының өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті.

Оның пікірінше, азаматтар дауыс берер алдында үміткерлердің кім екенін, қандай мақсат көздейтінін және жергілікті мәселелерді шешуге қаншалықты дайын екенін саралағаны жөн.

«Әрбір тұрғын өз ауласын абаттандыру, көшелерді көркейту, көгалдандыру, қоқыс шығару және тұрғын үйге қатысты мәселелердің шешілуіне атсалыса алады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың жұмысын бақылап, атқарылатын жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуына ықпал етуге мүмкіндік бар», – деді Әкелер кеңесінің жетекшісі.