Премьер-министр жол сапасы мен оған жұмсалған қаржыны бақылайтын цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды
Олжас Бектенов жыл соңына дейін жолдардың сапасы мен бюджет қаражатының тиімділігін бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасы жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет отырысында Премьер-министр барлық автожолдардың нормативтік жай-күйін сақтау жөніндегі жұмыстың басымдығын атап өтті. Сонымен қатар жол активтерінің сапасын бақылау үшін жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізу қажеттігі баса айтылды.
Оның айтуынша, автожол саласын цифрлық трансформациялау ісі жоспарлау мен жобалаудан бастап, пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге дейінгі барлық кезеңде басқарудың тиімді құралына айналуы тиіс.
«Көлік және Жасанды интеллект министрліктеріне, «ҚазАвтоЖол» компаниясы мен Сапа орталығына осы жылдың соңына дейін республикалық, жергілікті және қалалық желілер бойынша деректерді интеграциялап, жолдардың жағдайын, жұмыстардың барысы мен бюджет қаражатының тиімділігін бақылаудың бірыңғай цифрлық платформасының жұмысын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл объективті жағдайды нақты уақыт режимде бақылауға және ақауларды уақтылы жоюға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске салсақ, елімізде биыл ақылы жолдар қатарына 6 автожол қосылады.