Тұрғын үй секторындағы өрт оқиғаларының профилактикасы цифрлық форматқа көшуде. Профилактиканың тиімділігін арттыру үшін «Тұмар 112» цифрлық қосымшасы әзірленуде, ол ереже бұзу деректерін тіркеуге, үйлерді аралаудың электрондық есебін жүргізуге және неғұрлым осал үйлерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жоба Абай облысында сынақтан өтуде. Бұл туралы Үкімет отырысында төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қосымша тұрғын үй секторын аралаудың электрондық есебін жүргізуге, фотофиксациямен және геолокациямен өрт тәуекелдерін тіркеуге, сондай-ақ Бірыңғай дерекқорды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Болашақта жинақталған ақпарат өрт қаупіне неғұрлым осал үйлерді анықтауға, анықталған бұзушылықтардың жойылуын қадағалауға және өрт туралы хабарламалар түскен кезде жедел шешімдер қабылдау үшін кезекші қызметтерді өзекті мәліметтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов.
Осылайша, профилактика мен жедел ден қоюды біріктіретін Бірыңғай цифрлық жүйе құрылады. Қазіргі уақытта жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды. Сынақ нәтижелері бойынша оны одан ары өңірлерде енгізу жоспарлануда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр энергетика және ТКШ саласындағы маман тапшылығын шешуді тапсырды.