ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының супраұлттық референс-зертханаларымен бірлесіп, туберкулезді зертханалық диагностикалаудың заманауи әдісін меңгеріп, оны еліміздегі басқа өңірлерге таратып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы кезеңде, 2000–2024 жылдары, ҰФҒО Ұлттық референс-зертханасы ДДСҰ-ның Гаутинг қаласындағы (Германия) туберкулез жөніндегі супраұлттық референс-зертханасымен ынтымақтастық орнатты. 2025 жылдан бастап бұл жұмыс Германиядағы Борстель зерттеу орталығы – Лейбниц өкпе зерттеу орталығының микобактериялар жөніндегі ұлттық және ДДСҰ супраұлттық референс-орталығында жалғасты. Осы әріптестік өңірлік зертханаларға әдістемелік қолдау көрсетуге, зерттеудің сапасын сыртқы бағалауды ұйымдастыруға және туберкулез қоздырғышының дәрілік сезімталдығын анықтаудың заманауи әдісін енгізуге мүмкіндік берді.
«Осы жұмыстың нақты нәтижесінің бірі – туберкулез микобактерияларының бедаквилинге, линезолидке және клофазиминге сезімталдығын анықтау әдісінің енгізілуі. Бұл препараттар дәріге төзімді туберкулезді емдеуде қолданылады. Әдістеме Ұлттық референс-зертханада пысықталып, бағаланғаннан кейін өңірлік зертханаларға кезең-кезеңімен енгізілді. Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге қоздырғыштың анықталған дәрілік төзімділігін ескере отырып, тиімді емдеу схемасын таңдауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, дәрілерді тек ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу схемаларын таңдауда маңызды», делінген хабарламада.
Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де енгізілді. Бұл әдіс туберкулез қоздырғышының генетикалық ерекшеліктерін зерттеуге және дәріге төзімділікпен байланысты мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді.

