Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды

Мемлекет басшысы орнықты ауыл шаруашылығы саласында бірлескен зерттеу платформасын құруды ұсынды
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия - Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Еліміз ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша мән береді. 

Орталық Азияда қуатты агроөнеркәсіп кешені бұрыннан бар. Сондықтан аймақ жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқара алады. 

Қазақстан Жапонияның ресурс үнемдеу технологиясына, шөлге төзімді дақылдар селекциясына, «ақылды» фермаларды дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытады. 

Осы орайда орнықты ауыл шаруашылығы саласында жапон ғалымдарының және сарапшыларының қатысуымен Зерттеу платформасын құруды ұсынамыз. 

Астанада қолданбалы ғылымдар саласында ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін «Орталық Азия – Жапония» форматында ұйымдастыруды ұсынамын», - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан JICA агенттігінің Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайтыны туралы айтты. 

«Ауыл шаруашылығының дамуы су қауіпсіздігімен тікелей байланысты. 

Орталық Азия қазірдің өзінде су тапшылығын сезініп отыр. Соңғы жиырма жылда өңірде жан басына шаққанда сумен қамту көлемі шамамен 30 пайызға төмендеді. Оның үстіне су ресурстарының 70 пайызға жуығы – трансшекаралық. 

Каспий теңізінің тартылуы алаңдаушылық туғызады, ал Арал экологиялық апаты су ресурстарын ретсіз пайдаланудың салдары қандай қайғылы болатынын көрсетті.

Қазақстан Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) Орталық Азиядағы күрделі су проблемасын шешуге қосқан үлесін бағалайды әрі аталған беделді институтпен ықпалдастықты жалғастыруға ниетті», - деді Президент. 

Сонымен қатар, Президент Қазақстанның Жапонияның су саласын автоматтандыру және цифрландыру тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытатынын айтты. 

«Су үнемдеудің озық технологияларын алмасу, ортақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және Жерді қашықтан зондтау секілді аса маңызды шаралар қамтылатын Бірлескен су шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуге болар еді. 

Қазақстан БҰҰ аясында жаңадан UN Water халықаралық ұйымын құруды ұсынды. Бұл су проблематикасымен айналысатын басқа да құрылымдардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстырады. 

Жапондық саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін, кәсіпкерлер мен сарапшыларды келесі жылы сәуір айында Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамыз», деді Мемлекет басшысы. 

Еске салайық, бұдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Орталық Азия - Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйлегені туралы хабарладық.