Header Banner

Президент: Мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндерге жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз

Президент: Мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндерге жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдарға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Президент осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақ тілі ұлт бірлігінің мызғымас тұғыры саналады. Осы орайда, мен мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлттардың өкілдерін айрықша атап өткім келеді. Олардың арасында қазақ тілін үйретумен айналысатын білікті мамандар бар.

Әлеуметтік желі арқылы тілімізді дәріптеп жүрген азаматтар да аз емес. Мұндай адамдар тіліміздің дамуына үн қосып, оның жарқын келешегін нақты іспен жасап жатыр. Солардың еңбегін біз сыйластықпен, ризашылықпен қабылдауымыз керек.   Жалпы, соңғы жылдары мемлекеттік тілді меңгергісі келетін адамдардың қатары көбейіп жатыр. Оларға барынша жағдай жасау – біздің азаматтық парызымыз. 

Қазақ тілін тез әрі оңай үйренуге мүмкіндік беретін озық әдістемелер, соның ішінде цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажет.   Жалпы, бұл мәселе қоғамда жиі айтылып жүр. Осы жұмысқа тіл мамандарын, ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдырған жөн.   Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес еендігін атап өтті.

«Мен Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында ел бірлігін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл екенін нақты айттым.  Дегенмен мына нәрсені есте ұстаған абзал: Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды.

Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек.   Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей.

Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек.   Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды.

«Бірлік бар жерде тірлік бар», бұл – өмірдің талай сынағынан өткен ақиқат. Біз бір-бірімізге құрмет көрсетіп, өзара сыйластықпен қарап, ынтымағымызды нығайта беруіміз қажет», - деді Президент.