Келешек мектептерінде «12 айда 12 кітап» жобасы жүзеге асырылады

Келешек мектептерінде «12 айда 12 кітап» жобасы жүзеге асырылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалар жалғасып жатыр. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық Келешек мектептерінде «12 айда 12 кітап» жобасы жүзеге асырылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоба Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Келешек мектептері директорларымен кездесуде айтты.

Министр жоба арқылы оқушылар мен педагогтердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, мектептерде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Бастамаға оқушылар ғана емес, ұстаздар қауымы да белсенді қатысады. Осылайша, білім беру ұйымдарында ортақ оқырмандық орта қалыптастыру көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта педагогтер мен оқушылардың ұсыныстары негізінде кітаптар тізімі жасақталып жатыр. Арнайы сауалнама арқылы қатысушылардың қызығушылығы мен сұраныстары ескеріліп, нәтижесінде мұғалімдер үшін кәсіби дамуға арналған әдебиеттер, ал оқушылар үшін тұлғалық дамуға және дүниетанымды кеңейтуге бағытталған отандық және шетелдік шығармалар іріктелген.

Сонымен қатар жоба қорытындысы бойынша ең белсенді қатысушылар арасынан «Үздік оқырмандар» анықталып, арнайы марапатталады.

Бұған дейін Астанада оқу жылының қорытындысы мен балалар қауіпсіздігі пысықталғанын жазған болатынбыз.