«Әділет» партиясы: елорданы көркейткен еңбек – құрметке лайық

6 қараша, 2026
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
«Әділет» партиясы: елорданы көркейткен еңбек – құрметке лайық
Фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясының өкілдері «Астана-Зеленстрой» кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Басқосуда елорданы көгалдандырып жүрген еңбек адамдарының үлесі, тұрғындардың әл-ауқаты және партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі құндылықтары туралы сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге «Байқоңыр» ауданындағы №6 сайлау округі бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаттығына кандидат Бауыржан Қасымбергебаев, оның сенімді өкілі Әсима Бимендина және «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы, партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидат Мағжан Қыстаубаев қатысты.

Әсима Бимендина Бауыржан Қасымбергебаевтың өткен шақырылымда қалалық мәслихат депутаты болып, білім беру саласына елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, қаланың дамуы үшін тәжірибемен қатар тың идеялар мен жұмыс істеуге деген жігер де маңызды.

«Әділет» партиясының бағдарламасы адамдардың өмірін жақсартуға, өзара түсіністікті нығайтуға және болашаққа жағдай жасауға бағытталған. Оның негізінде отансүйгіштік, еңбекқорлық пен бір-біріне құрмет секілді құндылықтар жатыр. Депутаттыққа ұсынылған жастар осы жауапкершілікті түсінеді және қала игілігі үшін еңбек етуге ниетті», - деді Әсима Бимендина.

Бауыржан Қасымбергебаев елдің өркендеуі әр отбасының тұрмысымен тікелей байланысты екенін жеткізді. Ол халыққа қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс қалдыруды басты мақсаты санайтынын айтты.

«Менің ұстанымым – елдің байлығы халықтың әл-ауқатынан көрінуі керек. Азаматтарымыздың тұрмысы жақсы, болашағы сенімді болғанын қалаймын. Қазақстанның өзгелерге үлгі болуға барлық мүмкіндігі бар. Мен халқымызға қызмет етіп, кейінгі ұрпаққа игі істер қалдырғым келеді», - деді кандидат.

Ол кәсіпорын қызметкерлеріне елорданы көгалдандыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, әр ағашты өсіріп, күтіп-баптаудың артында үлкен еңбек тұрғанын атап өтті.

«Астанамыздың жасыл, көрікті қалаға айналуына үлес қосып жүрсіздер. Әр ағаштың тамыр жайып, өсіп, тұрғындарға сая болуы үшін қаншама күш жұмсалады. Осы ауыр әрі маңызды еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын», - деді Бауыржан Қасымбергебаев.

Мағжан Қыстаубаев мәслихаттың қала бюджетін бекітудегі және тұрғындардың мүддесін білдірудегі рөліне тоқталды. Ол ұжымға қала келбетін көркейту жолындағы еңбегі үшін ризашылығын білдіріп, тұрғындарды 29 қарашадағы сайлауға қатысуға шақырды.

«Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында Астана көркейіп, жасыл желегі көбейіп келеді. Осы қалаға күн сайын үлес қосып жүрген азаматтардың дауысы маңызды. Баршаңызды 29 қарашада сайлауға қатысуға шақырамыз», - деді Мағжан Қыстаубаев.

Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.