Астанада оқу жылының қорытындысы мен балалар қауіпсіздігі пысықталды

Астанада оқу жылының қорытындысы мен балалар қауіпсіздігі пысықталды
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Астанада 2025-2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Қорытынды аттестаттау, мектеп бітіру іс-шаралары, бірінші сыныпқа қабылдау, жазғы демалысты ұйымдастыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қалалық Білім басқармасы мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Брифингке Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қаирбаева мен Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Серік Әділбаев қатысты.

Спикерлердің айтуынша, бүгінде елордада 314 964 оқушы білім алатын 206 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 124 мектеп – мемлекеттік, 75 мектеп – жекеменшік, тағы 7-еуі – республикалық білім беру ұйымдары.

40 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді

25 мамырда Астана мектептерінде 2025-2026 оқу жылы ресми түрде аяқталады. Биыл 9-сыныпты 24 мыңнан астам, 11-сыныпты 16 мыңнан астам түлек тәмамдайды. Олардың ішінде 1 202 оқушы үздік аттестатқа, ал 650 оқушы «Алтын белгіге» үміткер.

Білім басқармасының мәліметінше, елорда мектептерінде «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы аясында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтеді. Оның мақсаты – оқушылар арасында патриоттық құндылықтарды нығайту, заңға құрметті қалыптастыру, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті арттыру.

Мейрамханада бітіру кешін өткізуге тыйым салынды

Білім басқармасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес мейрамханаларда, кафелерде және өзге де ойын-сауық орындарында бітіру кештерін өткізуге жол берілмейтінін еске салды. Аттестат тапсыру рәсімдері тек мектеп қабырғасында ұйымдастырылуы тиіс.

Бұл талаптар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға, сондай-ақ ата-аналарға түсетін қаржылық жүктемені азайтуға бағытталған.

Сонымен қатар мерекелік дастархан жаюға, автокеруен ұйымдастыруға, аниматорлар мен агенттіктерді тартуға, мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне сыйлық алу үшін ақша жинауға тыйым салынады. Әлеуметтік теңдікті сақтау мақсатында түлектерге мектеп үлгісіндегі киім кию ұсынылды.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Білім басқармасы Полиция департаментімен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бітіру іс-шаралары кезінде тәулік бойы рейдтік жұмыстар жүргізеді.

1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамырда басталады

Астана мектептерінің бірінші сыныптарына құжат қабылдау 27 мамырда басталып, 2026 жылғы 31 тамызға дейін жалғасады. Жаңа оқу жылында 34 мыңнан астам баланы бірінші сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Өткен жылы елорда мектептеріне 32 631 бала қабылданған.

Бірінші сыныпқа алты жасқа толған немесе биыл алты жасқа толатын балалар қабылданады. Құжаттар eGov.kz арқылы OQU платформасында электронды форматта тапсырылады.

Қабылдау үшін ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші, №065/у және №052-2/у медициналық анықтамалары, сондай-ақ баланың 3×4 фотосуреті қажет.

Әр мектепте ата-аналарға кеңес беретін арнайы қабылдау комиссиялары құрылған. Сонымен қатар білім беру ұйымдары заңда көрсетілмеген қосымша құжаттарды талап етуге құқылы емес екені аталып өтті.

Жазғы демалыспен 242 мыңнан астам бала қамтылады

Жазғы каникул кезінде елордада 1-10 сынып аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны түрлі демалыс және жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 мыңға жуық бала – әлеуметтік осал санаттағы оқушылар.

75 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы мектеп жанындағы лагерьлерге қатысады. Ал 5-10 сынып оқушылары үшін «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», Smart Bala және «САЯХАТ & СПОРТ» бағдарламалары ұйымдастырылады.

Сонымен қатар елордадағы 32 мектеп жанында ұлттық құндылықтарды насихаттайтын «Атамекен» этнолагерьлері жұмыс істейді.

Жекеменшік мектептер базасында 35 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамту көзделген. Тағы 2 681 бала жергілікті бюджет есебінен қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне жіберіледі.

Балалардың қауіпсіздігіне басымдық беріледі

Жаз мезгілінде Әл-Фараби және М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайлары мен «Таным» кешені базасында KIDSHUB Tanym, «Жұлдыздар академиясы», Sport Mix және Eco Life жобалары іске асырылады.

Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің дене белсенділігін арттыруға бағытталған «Дидарлы жаз – 2026» жобасы жалғасады. «Барап» сауықтыру лагерінде жаз маусымында шамамен 1 600 бала демалады.

Баспасөз мәслихатында балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мемлекеттік органдар жұмысының басым бағыты болып қала беретіні айтылды.

«Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында өңірлік жоспар бекітіліп, «Баланың қауіпсіздікке құқығы» бағыты бойынша 50-ден астам іс-шара жүзеге асырылып жатыр.

Жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайдағы балаларды анықтау бойынша 230 жедел шығу ұйымдастырылып, 400-ге жуық профилактикалық рейд жүргізілген.

Сонымен қатар балалар үшін қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыру бағытында тұрғын үйлерге мониторинг жүргізіліп, шатырға шығуға мүмкіндік беретін 200-ге жуық ашық люк жабылғаны айтылды.