Header Banner

Астаналық әлем чемпионы алғаш рет сайлауда дауыс берді

Бүгін, 17:25
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық әлем чемпионы алғаш рет сайлауда дауыс берді
Фото: видеодан скриншот/ҚР Президенті Телерадиокешені

Бүгін елордада өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауына нысана көздеуден Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асылым Жақия да қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

18 жастағы елордалық спортшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бір сайлау учаскесінде, №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бүгінгі күн мен үшін ерекше есте қалатын күндердің бірі болды. Мемлекет басшысымен бір сайлау учаскесінде дауыс беру – мен үшін үлкен мәртебе. Жас спортшы ретінде халықаралық жарыстарда елімнің намысын қорғап жүрсем, бүгін Қазақстанның азаматы ретінде өзімнің конституциялық құқығымды пайдаланып, дауыс бердім. Осындай сәттің куәсі болғаныма өте қуаныштымын», – деді Асылым Жақия.

Асылым Жақия – Астана қаласындағы №9 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі.

Ол 2026 жылы Германияның Зуль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатына қатысып, 2025 жылы Қазақстан Республикасының командалық чемпионатында қола жүлдегер атанды.