Қазақстанда 700 млн долларлық ұлттық крипторезерв құрылды

Қазақстанда 700 млн долларлық ұлттық крипторезерв құрылды
Фото: pexels.com

Қазақстан Ұлттық банкі көлемі 700 млн АҚШ долларын құрайтын ұлттық крипторезерв құрды. Оның шамамен 200 млн доллары инвестицияланған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев Құрылтай отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, елімізде цифрлық активтер айналымын кешенді реттеуге арналған заң қабылданған. Сондай-ақ Ұлттық банк пен Үкімет криптоиндустрияны дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген.

Қазақстан қор биржасында цифрлық қаржы активтерін шығаруға және олармен операциялар жүргізуге арналған арнайы платформа іске қосылды. Қазіргі уақытта елімізде төрт лицензияланған криптопровайдер жұмыс істейді.

Бұған дейін Ерұлан Жамаубаевтың инфляция мен кредит нарығындағы өзгерістерді түсіндіргенін жазған едік.