Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге қолдау көрсетудің «1+2» жүйесі жұмыс істейді. Бұл тәсіл бойынша бір студентке арнайы дайындықтан өткен екі волонтер бекітіледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған бастама университеттің Инклюзивті қолдау орталығы жанындағы «Көмек» волонтерлер клубы аясында жүзеге асырылып келеді. 2023 жылы құрылған клуб ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттердің университет өміріне бейімделуіне, қатарластарымен араласуына және түрлі іс-шараларға қатысуына көмектеседі.
«1+2» жүйесі бойынша волонтерлер студенттерге оқу барысында қолдау көрсетіп, жаңа ортаға үйренуіне жәрдемдеседі. Қазір клуб құрамында 50-ге жуық ерікті бар.

Сонымен қатар волонтерлер тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, ағылшын тілі және гитара үйірмелерін ұйымдастырады. Бұл сабақтар студенттердің қабілетін дамытуға, бос уақытын тиімді өткізуге және өзара қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді.
2026 жылы ЕҰУ-дың Инклюзивті қолдау орталығы инклюзивті волонтерлікті дамытуға арналған үш оқу семинарын өткізді. Оған Астанадағы жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері қатысты.

Алдағы уақытта «1+2» жүйесін еліміздің басқа өңірлеріндегі білім беру ұйымдарына енгізу жоспарланып отыр. Бұл тәжірибе инклюзивті білім беру ортасын дамытуға және ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге қолдау көрсету аясын кеңейтуге бағытталған.