Ерұлан Жамаубаев инфляция мен кредит нарығындағы өзгерістерді түсіндірді

Ерұлан Жамаубаев инфляция мен кредит нарығындағы өзгерістерді түсіндірді
Фото: gov.kz

Қазақстанда жылдық инфляция 12 ай қатарынан баяулап, 9,3%-ға дейін төмендеді. Ал биылғы тоғыз айда ел экономикасы 4,2%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының міндетін атқарушы Ерұлан Жамаубаев Құрылтай отырысында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, әлемдік экономикадағы тұрақсыздық пен геосаяси тәуекелдерге қарамастан, Қазақстан экономикасында оң динамика сақталып отыр.

Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,2%-ға өскен. Жылдық инфляция 9,3%-ды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары 8,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11%-ға, ал ақылы қызметтер 7,9%-ға қымбаттаған.

Ұлттық банк төрағасы міндетін атқарушының айтуынша, инфляцияның баяулауына ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, банк жүйесіндегі артық өтімділікті қысқарту және Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралар ықпал еткен.

Осыған байланысты биыл төртінші тоқсанда базалық мөлшерлеме 16,25% деңгейіне дейін төмендетілген.

«Дегенмен баға тұрақтылығына қатысты тәуекелдер сақталып отыр. Сондықтан инфляцияны орнықты түрде төмендету және қаржы нарығын дамыту бойынша кешенді жұмыстарды жалғастырамыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Тұтынушылық кредит беру қалай өзгерді?

Ерұлан Жамаубаев инфляцияны тежеу үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Оның айтуынша, ең төменгі резервтік талаптардың кезең-кезеңімен арттырылуы нәтижесінде банк жүйесіндегі 4,3 трлн теңге көлеміндегі артық өтімділік шектелген.

Сонымен қатар алтын сатып алу операцияларының инфляцияға әсерін азайту мақсатында биыл тоғыз айда айналымнан 3,2 трлн теңге алынған. Жыл соңына дейін тағы шамамен 900 млрд теңгені айналымнан алу жоспарланып отыр.

Тұтынушылық кредит беруді реттеу бағытында да жаңа талаптар енгізілген. Қазір банктер жеке тұлғаларға тұтынушылық кредитті неғұрлым көп берген сайын соғұрлым көбірек капитал резервін қалыптастыруы тиіс.

Баяндамада бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша банктердің осы мақсатта қалыптастырған капитал буфері 550 млрд теңгеден асқаны айтылды.

Сондай-ақ биылдан бастап банктердің табысына сараланған салық салу тәртібі енгізілген. Бөлшек кредиттеуден түскен табысқа корпоративтік табыс салығының 25%, ал бизнесті кредиттеуден түскен табысқа 20% мөлшерлемесі қолданылады.

Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, бөлшек кредиттер портфелі жылдық мәнде 11,16%-ға, ал бизнеске берілген кредиттер портфелі 14,2%-ға өскен.

Цифрлық теңге мен алаяқтыққа қарсы күрес

Баяндамада қаржы секторын цифрландыру нәтижелері де айтылды.

Ұлттық банкаралық мобильді төлемдер жүйесі, оның ішінде бірыңғай QR-код сервисі арқылы 875 млрд теңгеден астам сомаға 45 млн операция жүргізілген.

Мемлекеттік қаржы саласында цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейіп келеді. Нақты жобаларды іске асыру үшін 350 млрд теңгеден астам цифрлық теңге шығарылған.

Ал Ұлттық антифрод орталығының жұмысы аясында 215 мың алаяқтық және өзге де заңсыз операция анықталып, жалпы сомасы 126 млрд теңге болатын операцияларға тосқауыл қойылған.

Ұлттық крипторезерв құрылды

Ерұлан Жамаубаев цифрлық активтер нарығын дамыту мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, Қазақстанда цифрлық активтер айналымын кешенді реттеуге арналған заң қабылданған. Ұлттық банк пен Үкімет криптоиндустрияны дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеген.

Қазақстан қор биржасында цифрлық қаржы активтерін шығаруға және олармен операциялар жүргізуге арналған арнайы платформа іске қосылған. Қазіргі уақытта төрт лицензияланған криптопровайдер жұмыс істейді.

Сонымен қатар Ұлттық банк көлемі 700 млн АҚШ долларын құрайтын ұлттық крипторезерв құрған. Оның шамамен 200 млн доллары инвестицияланған.

Баяндамасының соңында Ерұлан Жамаубаев ақша-кредит саясатының басты мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Ол инфляцияны одан әрі төмендету үшін Үкімет, Ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу агенттігі арасындағы бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк ниобий қосылған күміс монетаны айналымға шығаратыны хабарланған еді.