Астанада ауа температурасы күрт төмендеген кезде 2-ЖЭО тәулігіне 15-16 мың тоннаға дейін көмір жағады. Бұл туралы «Астана-Энергия» АҚ 2-ЖЭО директоры Нұртілек Тасатхан Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Оның сөзінше, жылыту маусымына қажетті негізгі және резервтік отын қоры алдын ала жинақталған. Көмір стансаға қыс бойы үздіксіз жеткізіліп отырады.
«Қатты аяз кезінде тәулігіне 15–16 мың тонна көмір жағамыз. Қажетті көмір көлемі стансаға уақтылы жеткізіліп тұрады», – деді Нұртілек Тасатхан.
2-ЖЭО директоры көмір жеткізу уақытша тоқтаған жағдайда да стансада жеткілікті қор бар екенін атап өтті.
«Жылыту маусымына қажетті отын қоры қоймада толық жиналған. Резервтік қорымыз да бар. Егер қандай да бір форс-мажор болып, көмір жеткізу уақытша тоқтап қалса, қазіргі қоймадағы қор 30–35 күнге жетеді. Бірақ осы жерде мен істеп келе жатқан 16 жылдан бері мұндай жағдай болған емес. Көмір қыс бойы үздіксіз жеткізіліп тұрады», – деді ол.
Нұртілек Тасатханның айтуынша, жылу энергетикасы нысандары ауа райына қарай жұмыс режимін өзгертіп отырады. Күн жылы кезде стансалар қалаға қажетті мөлшерде ғана жылу берсе, қатты аязда олардың жүктемесі артады.
«Қатты аяз кезінде «Астана-Энергияның» барлық нысанының қуаты жеткілікті. 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, 3-ЖЭО, газбен жылытатын стансалар мен аудандық қазандықтар қаланы қажетті жылумен қамтамасыз ете алады. Күн жылы кезде стансалар максималды қуатпен жұмыс істемейді, қалаға қажетті мөлшерде ғана жылу береді. Ал қатты аязда қуатты арттырамыз», – деді 2-ЖЭО директоры.
Бұған дейін Астананың жылу жүйесі қатты аязға қаншалықты дайын екенін хабарладық.