Елордада туристік полицияға арналған English club ашылды

Елордада туристік полицияға арналған English club ашылды
Фото: ІІМ

Астанада туристік полиция қызметкерлерінің тілдік дайындығын жетілдіруге арналған English Club жұмысын бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Клубтың ашылуы ҚР ІІМ Басқару академиясының базасында өтті. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, дипломатиялық қауымдастық мүшелері мен туристік полиция қызметкерлері қатысты.

Жаңа клубтың жұмысы теориядан гөрі практикалық дайындыққа бағытталған. Полицейлер ағылшын тілінде сөйлеу дағдыларын жетілдіріп, Астанаға келген шетелдік туристер тап болуы мүмкін түрлі жағдайда қарым-қатынас жасауды үйренеді.

Атап айтқанда, туристке бағыт-бағдар беру, төтенше жағдайда не істеу керектігін түсіндіру, құжаттарын жоғалтқан немесе медициналық көмек қажет болған кезде жедел қолдау көрсетуге қатысты тілдік дағдылар пысықталады.

English Club-тың ашылуына Астана қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Атанов, «Астана» дипломатиялық клубының президенті Қайырболат Сахметов және ҚР ІІМ Басқару академиясының бастығы, заң ғылымдарының докторы, профессор Жанат Дильбарханова қатысты.

Астана қаласы полиция департаментінің мәліметінше, туристік полицияны дамыту – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстың бір бөлігі.

Ведомство шетелдік туристің полиция қызметкерімен қарым-қатынасы қала туралы алғашқы әсерінің біріне айналуы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан туристік полицейлердің шетелдік қонақтармен түсінікті әрі кәсіби қарым-қатынас орната білуіне ерекше мән беріліп отыр.

Бұған дейін Астанада туристік полиция Қытай мен Моңғолиядан келген қонақтарға көмектескені хабарланған еді.