Астанада алдағы демалыс күндері екі облыстың жәрмеңкесі өтеді

Бүгін, 15:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада алдағы демалыс күндері екі облыстың жәрмеңкесі өтеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада 10-11 қазан күндері Түркістан мен Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жәрмеңкеде екі өңірдің шаруалары мен тауар өндірушілері елорда тұрғындарына 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімін ұсынады.

Сауда сөрелерінде ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, балық, жұмыртқа, бал, кептірілген жемістер және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері болады. Өнімдерді тікелей өндірушілерден сатып алуға мүмкіндік қарастырылған.

Түркістан облысынан жәрмеңкеге 60 тонна ет және ет өнімдері, 260 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 60 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері, бал, кептірілген жемістер және басқа да өнімдер жеткізіледі.

Батыс Қазақстан облысы 50 тоннаға жуық ет және ет өнімдерін, 80 мың дана жұмыртқа, 11 тонна балық өнімдерін және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынады.

Жәрмеңке 10-11 қазан күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін «Қазанат» ипподромына қарама-қарсы, Қарқаралы тас жолының бойында өтеді.

Еске сала кетейік, елімізде күріш өндірісі мен экспорты өсті.