Елордалық комиссиялардың республикалық референдумға дайындығы тексерілді
Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров астаналық комиссиялардың 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға дайындығын тексерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық референдум комиссиясына сілтеме жасап.
Делегация құрамында Орталық референдум комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов, ОРК мүшелері Азамат Айманақұмов, Михаил Бортник, Әсел Жанәбілова, сондай-ақ комиссия аппаратының қызметкерлері болды.
№315, 317 учаскелерде Елорда тұрғындарының және дауыс беру күні есептен шығару куәліктері арқылы Астанада дауыс беретін азаматтарға ыңғайлы және кедергісіз дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Ақпараттық стендтерде комиссия құрамы туралы анықтамалық ақпарат, сондай-ақ жоғары тұрған комиссиялар, прокуратура, құқық қорғау органдарының мекенжайлары мен байланыс деректері орналастырылған. Дауыс берер алдында референдум қатысушылары осы жерде бюллетень үлгілерімен, жаңа Конституцияның мәтіні және ғимарат ішінде дауыс беру ережелерімен таныса алады.
Дауыс беруге қатысуды қамтамасыз ету мақсатында учаскелерде заңнамада қарастырылған жағдайлар жасалған, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, дауыс беруге арналған бюллетеньдерге арналған Брайль қарпімен трафареттер дайындалған, мүгедектер арбасымен жүретін азаматтарға ыңғайлы жасырын дауыс беру кабиналары жабдықталған. Сонымен қатар, ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылып, онда компьютер, үлкейткіш әйнек және қосымша жарықтандыру орнатылған.
Учаскелерде жаңа Конституция жобасының мәтінімен ғана емес, қазақ және орыс тілдеріндегі аудио нұсқасымен де танысу мүмкіндігі қарастырылған.
Елімізде республикалық референдумға дайындық бойынша әр түрлі коммуникациялық алаңдар мен цифрлық сервистерді пайдалана отырып, белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Азаматтар өз дауыс беру учаскесін eGov Mobile мобильді қосымшасы, екінші деңгейлі банктердің қосымшалары, байланыс операторларының SMS-хабарламалары арқылы, сондай-ақ «ЖСН бойынша өз сайлау учаскеңізді табыңыз» сервисі арқылы біле алады. Ақпаратты тұрғылықты жері бойынша әкімдіктердің Call-орталықтарынан да нақтылауға болады, олардың нөмірлері ресми интернет-ресурстарда орналастырылған.

Сонымен қатар, Орталық референдум комиссиясы төрағасының тапсырмасы бойынша учаскелік комиссиялар азаматтарды жеке ақпараттандыруды күшейтуде - референдумға қатысушыларға QR кодпен дербес шақырулар табысталудп, бұл код арқылы дауыс беретін учаскесі туралы ақпарат алуға болады.
Учаскелерді тексеруді қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров басты басымдық - әрбір учаскеде азаматтардың еркін, ашық және кедергісіз ерік білдіруін қамтамасыз ету үшін заңнамада қарастырылған барлық жағдайларды жасау екенін атап өтті.
Сондай-ақ инспекциялық жұмыс аясында референдумды дайындау және өткізу кезеңінде мемлекеттік органдардың әрекеттерін үйлестіру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, аумақтық референдум комиссияларының төрағалары қатысты.

Әкімдік өкілдері референдум қатысушыларының тізімдерін өзектендіру жұмыстарының аяқталғанын, дауыс беру учаскелерінің электр, жылу, байланыс және интернетпен қамтамасыз етілуі секілді дайындық деңгейін хабарлады. Құқық қорғау органдары өз кезегінде заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және азаматтардың электоралдық құқықтарын қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы есеп берді.
Учаскелік комиссия мүшелерін дайындауға баса назар аударылуда. Осыған байланысты каскадтық модель бойынша үшінші оқу кезеңі жүзеге асырылуда. Сапар барысында аумақтық және учаскелік комиссиялардың басшыларына арналған оқу семинары өтті. Оқыту кіріспе тестілеуден басталды, бұл қатысушылардың дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік берді.
Оқыту барысында қатысушылар дауыс беру құқығы бар азаматтардың тізімімен жұмыс жасау бойынша практикалық дағдыларды жетілдіріп, дауыс беру процесіндегі жағдайлар бойынша жаттығуларды орындады, сондай-ақ құжаттарды рәсімдеу және мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау мәселелерін қарастырды. Семинар қорытындысы бойынша комиссия мүшелеріне учаскелерде жұмысты ұйымдастыруға практикалық ұсыныстар берілді.
Айта кетерлігі, Астана қаласы бойынша құрамында 4 140 комиссия мүшесі бар 508 референдум комиссиясы (7 аумақтық, 501 учаскелік) жұмылдырылған. Қалада референдумда дауыс беру құқығы бар азаматтар саны - 1 млн-нан асады.