Елордада «Хан Шатыр» сауда орталығында көркем гимнастикадан ашық фестиваль өтті
Бүгін, 20 желтоқсан күні «Әлем» көркем гимнастика академиясы елорданың көрікті жерлерінің бірі – «Хан Шатыр» сауда орталығында дәстүрлі жылдық фестивалін ұйымдастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Фестивальдің басты ерекшелігі – 200-ге жуық жас гимнасшының қала тұрғындары ең көп жиналатын қоғамдық орында жеке және топтық жаттығулар арқылы өз өнерлерін көрсетуі болды.

«Тәуелсіздік күніне орай «Әлем» көркем гимнастика академиясы фестивальді қатарынан бесінші жыл өткізіп келеді. Биыл шараны «Хан Шатыр» сауда орталығында ұйымдастыруымыздың басты себебі – көркем гимнастиканың сұлулығын көпшілікке танытып, Олимпиадалық спорт түрін өсіп келе жатқан жас қыздарға насихаттау. Себебі, көркем гимнастика баланың бойында спорттық рухты, ерік-жігерді, өзіне деген сенімділікті қалыптастырады. Менің ойымша, тек фестивальдер ғана емес, жарыстар да ашық алаңдарда өтсе, спорттың танымалдығы арта түсер еді», – деді «Әлем» көркем гимнастика академиясының басшысы Әсем Бақытжанқызы.
Олимпиада бағдарламасына енген көркем гимнастика спорты Астана қаласында ерекше сұранысқа ие. Бұған Республика бойынша көркем гимнастика мектептерінің басым бөлігінің елордада орналасуы және ұлттық құрама сапындағы гимнастшылардың көпшілігінің Астанадан болуы дәлел.
Олардың қатарында «Әлем» көркем гимнастика академиясы да бар. Мәселен, академия қазан айында ғана жалпы жүлде қоры 7 000 000 теңгені Grand Prix Alem халықаралық жарысын өткізді. Сондай-ақ академия 3-14 жастағы қыздарды өз қатарына қосып, Азия чемпионы, әлем Кубогының жүлдегері Әсел Мұстафина және т.б білікті бапкерлердің шеберлік дәрістері тұрақты түрде өтіп тұрады.
«2025 жыл табысты өтті деп айта аламын. Біріншіден, біздің академиямыздың филиалы бірінші мәрте Ұлытау облысында ашылды. Осының арқасында біздің Астана, Қарағанды, Ұлытау облысындағы шәкірттеріміздің саны 800-ге жетті. Екіншіден, біз көркем гимнасшыларды дайындап қана қоймай, ALEM CUP атты брендімізбен Біріккен Араб Әмірлігінде тұрақты түрде халықаралық турнирімізді өткізіп келеміз. 2026 жылы бұл тізімге Қатар қосылады және Қытайды да қамтысақ деген жоспарымыз бар», - деп «Әлем» көркем гимнастика академиясының басшысы Әсем Бақытжанқызы өз ойын түйіндеді.
Академияның мүшелері уақыт өткен сайын жарыстарының географиялық кеңістігін кеңейтіп жатыр. Мысалы, өткен аптада ғана жас гимнасшылар Англияда ұйымдастырылған London Cup бәсекесінде 4 алтын, 4 күміс, 2 қола медальді жеңіп алды.
Еске салайық, бұдан бұрын көркем гимнастикадан Астана қаласының ашық чемпионаты өткенін хабарладық.