Референдум-2026

Елордада құқық бұзушылықтар саны 9,3 пайызға төмендеді

8 шілде, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада құқық бұзушылықтар саны 9,3 пайызға төмендеді
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Астана қаласының Полиция департаментінде биылғы алғашқы алты айдағы жұмыстың қорытындыларына арналған кеңейтілген жедел кеңес өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Жиынға Астана қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, полиция қызметтері мен аумақтық бөлімшелердің басшылары қатысты.

«Мемлекет басшысы бірнеше рет «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тірегі болуы тиіс екенін атап өтті. Елорда полициясы үшін бұл – қызметтің басты басымдығы. Біздің міндетіміз – қылмыстарды дер кезінде ашып қана қоймай, олардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою. Әрбір полиция қызметкері қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, өзіне жүктелген міндеттерді адал әрі сапалы орындауы қажет», – деді Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елордада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 9,3 пайызға төмендеді. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде ірі супермаркеттерде жасалатын ұрлықтар саны екі есеге азайды.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жұмыстарына ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері заңсыз айналымнан 420 келіден астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар тәркіленді.

Кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, учаскелік полиция инспекторлары қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ түнгі уақытта тыныштықты бұзу деректерінің алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Астана қаласының прокуроры жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығына тоқталып, әсіресе жүк көліктерінің жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы қағидаларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Жиын қорытындысында аталған бағыттар бойынша профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған қосымша шаралар белгіленді.

Кеңес соңында Марат Төлебаев қызметтер мен аумақтық бөлімшелердің басшыларына жедел қызметтік жұмыстың тиімділігін одан әрі арттыру, профилактикалық жұмысты күшейту және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Еске сала кетейік, Астанада қоғамдық орындарды ластауға қарсы бақылау күшейтілді.