Елімізде самокат жүргізудің тәртібі өзгерді: Жаңа талаптар қандай
25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Бас прокуратура жолдағы қауіпсіздікке қатысты жаңа талаптарды еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда мопед жүргізушілерінің кінәсінен 390 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 461 адам жарақат алған.
Сондай-ақ велосипедшілердің кінәсінен 169, шағын электр көлік құралдарын басқарушылардың қатысуымен 97, ал электрсамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы болған.
Осы жол-көлік оқиғаларында 329 кәмелетке толмаған бала зардап шегіп, 10 бала қаза тапқан.
Жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың өздері де жол-көлік оқиғаларынан зардап шегуде. Атап айтқанда, электрсамокат жүргізушілерін автокөлік қағып кетудің 145, мопед жүргізушілерін қағып кетудің 82, шағын электр көлік құралдарын басқарушыларды қағып кетудің 52 дерегі тіркелген. Нәтижесінде төрт адам қаза тауып, 300-ге жуық адам жарақат алған.
Электрсамокат жүргізушілеріне қандай талап қойылды?
2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге болмайды.
Егер велосипед жолы немесе велосипед жолағы болса, электрсамокат тек солармен жүруі тиіс. Олар болмаған жағдайда жол жүрісі қағидаларына сәйкес жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен қозғалуына рұқсат етіледі.
Жүріс бөлігінде электрсамокатпен жүруге тек:м 18 жасқа толған, тиісті санаттағы жүргізуші куәлігі бар, қорғаныш дулығасын пайдаланатын адамдарға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар самокат, велосипед және мопед жүргізушілеріне жаяу жүргіншілер өткелінен көлікпен өтуге болмайды. Олар көліктен түсіп, оны жетектеп өтуі керек.
Жолаушыларды тасымалдауға, рөлді ұстамай телефон пайдалануға және тәуліктің қараңғы уақытында жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге тыйым салынады.
Бас прокуратура адамдар көп жүретін жерлерде жылдамдықты төмендетуге, жолдың тайғақ учаскелерінде абай болуға және әр сапар алдында көліктің техникалық жарамдылығын тексеруге шақырады.
Автокөлік жүргізушілері де қиылыстарда, аулаларда, жаяу жүргіншілер өткелдерінде және самокат пен велосипед пайдаланушылары пайда болуы мүмкін жерлерде барынша мұқият болуы қажет.
«Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Бұған дейін астаналықтарға электросамокатпен жүрудің ережелері түсіндірілгенін жазғанбыз.