Header Banner

Елімізде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі үш жылда 5,8 трлн теңгеге жетті

Елімізде машина жасау саласындағы өндіріс көлемі үш жылда 5,8 трлн теңгеге жетті
Фото: Василий Крась

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылтайда өткен Үкімет сағатында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің сөзінше, саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 17%-дан асты. Оның шамамен 40%-ы автомобиль жасау секторына тиесілі. Бұл бағытта өндірісті локализациялауға және елімізде автокомпоненттер шығаруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жасалған қолайлы жағдайлардың арқасында елімізде автокомпоненттер өндіретін жаңа өндіріс орындары іске қосылды.

«Олардың қатарында Саран қаласындағы автомобиль шиналарын шығаратын, Алматыдағы жүк көліктеріне арналған құрамдас бөлшектер, мультимедиялық жүйелер мен автомобиль орындықтарын өндіретін кәсіпорындар бар. Сондай-ақ отандық өндірістегі Qarmet болатынан автобус шанағының бөлшектерін қалыптау жолға қойылып, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелерін, цилиндр блоктары мен еден жабындарын өндіру ісі басталды», - деді  Ерсайын Нағаспаев.

Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін Қостанайда қауқары жылына 60 мың дана автобөлшек шығаруға жететін кәсіпорынды іске қосу, ал Алматыда автомобильдердің электр сымдары шоғырларын, тежегіш және жанар май жүйелеріне арналған түтіктер өндірісін локализациялау жоспарланып отыр. Теміржол машиналарын жасау саласында дөңгелектер, вагон осьтері, бағыттамалы бұрмалар мен рельс бекітпелерін шығару жолға қойылды.

«Отандық кәсіпорындар арасындағы кооперацияны одан әрі дамыту үшін биыл заңнамалық деңгейде салалық кластерлер құру тетігі көзделді. Қазіргі уақытта осындай кластерлерді құру шарттары мен мемлекеттік қолдау шараларын айқындайтын тиісті нормативтік құжат әзірленіп жатыр», – деді министр.

Еске сала кетсек, Астанадағы ең ірі өнеркәсіптік алаңда 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді.