Елімізде дәнді дақылдардың 60 пайыздан астамы жиналды

Елімізде дәнді дақылдардың 60 пайыздан астамы жиналды
Фото: АШМ

Қазақстанда егін жинау науқаны жүріп жатыр. Диқандар егін жинау және ішкі нарықты астықпен қамтамасыз етуді жалғастыруда. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған басымдықтардың қатарына жатады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 9 қыркүйектегі жағдай бойынша шаруалар 9,6 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жинаған, бұл жалпы көлемнің 61,6%-ы. Бүгінде орташа өнімділігі гектарынан 14,1 центнер болатын 13,5 млн тонна астық бастырылды.

Биылғы егін жинау жұмысының қарқыны 2025 жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткіштерінен едәуір озық тұр. Орылған астықтың сапасы да бірдей.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына 2,83 млн тонна астық келіп түскен. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың ұқсас кезеңінде қабылдау көлемі 552,7 мың тонна болған. Осылайша, түскен астық көлемі бес еседен астам өсіп отыр.

Егіннің сапасына ерекше назар аударылады. Зертханалық зерттеуің нәтижесі бойынша жиналған жұмсақ бидайдың 93%-ы азық-түлік класына жатады.

Азық-түлікке арналған бидайдың 75%-ы үшінші сыныпты бидай, 18%-ы төртінші сыныпты бидай. Бесінші сыныпты бидай мен сыныпқа жатпайтын астықтың үлесі – 7%.

Зерттелген жұмсақ бидайдың 51%-ында желімтек (клейковина) мөлшері 28%-дан жоғары екені анықталды. Тағы 23,6%-ында бұл көрсеткіш 25-27% деңгейінде, ал 25,4%-ында – 23-24% болды.

Бұл көрсеткіш егіннің азық-түліктік әлеуетінің жоғары екенін көрсетіп, ішкі нарықты сапалы астықпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ отандық агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасайды.

Ауыл шаруашылығының өзге дақылдарынан 6,3 млн тоннадан астам өнім жиналды

Бүгінгі таңда 906,5 мың тонна майлы дақылдар тұқымы, 2,4 млн тонна көкөніс, 1,8 млн тонна бақша дақылы және 1,2 млн тонна картоп жиналды. Өңірлік штабтар егін жинау науқанын уақтылы аяқтау үшін қажетті жағдайды қамтамасыз ете отырып, дала жұмыстарын үйлестіруде. Егін жинау және күзгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жылдық қажеттілік 2,3 млн тоннаны құрайтын болса, қазірдің өзінде тиісті келісімшарттар жасалып, 2 млн тонна немесе жылдық көлемнің 85%-ы жөнелтілді.

Бұл негізгі екі міндетті қатар шешуге: қазіргі егін жинау науқанын іркіліссіз аяқтауға және диқандарды келесі өндірістік циклге уақтылы дайындауға  мүмкіндік береді.

Еске салсақ, мамыр айының соңында ауыл шаруашылығы дақылдары 16,3 млн гектар алқапқа егілді.