«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазақстанда 5 мың шақырымға жуық сумен жабдықтау желісін 700 млрд теңгеге және 2,8 мың шақырым су бұру желісін 400 млрд теңгеге жаңғырту көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, жалпы құны шамамен 800 млрд теңгені құрайтын кәріз тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау бойынша 45 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 38%-ды, ал су бұру желілерінікі 54%-ға жеткен.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 2029 жылға қарай кезең-кезеңімен 33%-ға дейін, ал су бұру желілерінікін 41%-ға дейін төмендету күтілуде. Биыл сумен жабдықтау желілерінің тозуын 37%-ға, су бұру желілерінікін 52%-ға дейін төмендету жоспарланған», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Қазіргі уақытта жалпы құны 356 млрд теңге 146 жоба іске асыру түрлі кезеңде жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетсек, Астанаға жақын 4 ауылға жерасты су кен орнынан құбыр тартылып жатыр.