Құрылтай депутаты Ләззат Қожахметова Оқу-ағарту министріне балаларды балабақша кезегіне қоюдың қолданыстағы жүйесін өзгерту туралы ұсыныс жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазір орын болмаған жағдайда бала күту тізіміне енгізіледі. Алайда ол үшін алдымен баланы басқа мектепке дейінгі ұйымға тіркеу қажет.
«Кейбір жекеменшік балабақшалар баланы іс жүзінде қабылдамай, тек құжат жүзінде тіркеп қояды. Ата-аналар мемлекеттік балабақшадан орын алу мүмкіндігін сақтап қалу үшін мұндай шартқа келісуге мәжбүр. Мемлекеттік қаржы нақты көрсетілген қызмет үшін төленуі керек. Сондықтан баланың балабақшада жай ғана тіркелуі емес, сол жерде шын мәнінде тәрбиеленіп, қызмет алуы басты өлшем болуы тиіс», – деді Ләззат Қожахметова.
Депутат мұндай жүйе ваучерлік қаржыландыруға қатысты сұрақтар туындататынын атап өтті.
Оның пікірінше, мемлекеттік қаражат баланың жай ғана тіркелгені үшін емес, нақты көрсетілген қызмет пен баланың балабақшаға іс жүзінде барғаны үшін аударылуы тиіс.
Осыған байланысты депутат мынадай шешімдерді ұсынды:
-Ата-ана баласын басқа балабақшаға формалды тіркемей-ақ, өзі таңдаған ұйымның күту парағына тікелей қоюы керек.
-Бос орын пайда болған кезде бала ашық әрі түсінікті кезектілікпен қабылдануы тиіс.
-Мемлекеттік қаржы баланың нақты балабақшада болғанын және қызметтің көрсетілгенін растайтын цифрлық деректер негізінде төленуі қажет.
Бұдан бөлек, Оқу-ағарту министрлігіне кезектегі балалар саны мен іс жүзінде бос тұрған орындар арасындағы алшақтықты азайту шараларын әзірлеу ұсынылды.
Еске салайық, бұған дейін балабақшаларды ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба мерзімі ұзартылғаны туралы жаздық.