Қазақстан Жасыл климат қорының қаржыландыруына ұсыну үшін басым жобаларды әзірлеу мәселесін талқылады. Бұл мәселе Тбилисиде өтіп жатқан Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдеріне арналған өңірлік диалог аясында көтерілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шарбиев қатысып, жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелде сөз сөйледі.

Вице-министр климаттық тәуекелдерді бірлесіп бағалау, бейімделу жобаларын әзірлеу, сондай-ақ ормандар мен деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру бағытында елдер арасында ақпарат алмасудың маңызын атап өтті.
Өңірлік диалог аясында Нұркен Шарбиев Жасыл климат қорының Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Томас Эриксонмен де кездесті.
Тараптар Қордың қаржыландыруына ұсыну үшін Қазақстанның басым жобаларын, оның ішінде Қазақстанның Даму Банкі арқылы әзірлеу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар ұлттық институттарды аккредиттеуді ілгерілету жайы сөз болды.

Жасыл климат қоры ұйымдастырған өңірлік диалог Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің климат саласындағы басымдықтарын айқындауға және Қор ресурстарына қол жеткізудің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жасыл климат қорының атқарушы директоры Мафальда Дуартені қабылдап, Қазақстан мен Қор арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективаларын талқылаған еді.