«Даму» қорының мобильді фронт-офистері шалғайдағы 300-ден аса кәсіпкерге кеңес берді

«Даму» қорының мобильді фронт-офистері шалғайдағы 300-ден аса кәсіпкерге кеңес берді
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Абай облысына жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шалғайдағы елді мекендегі кәсіпкерлердің облыс орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызмет пен консультация алуына көмектесетін «Даму» қорының мобильді фронт-офистерінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мобильді фронт-офис дегеніміз мамандандырылған шағын автобус. Онда «Даму» қорының консультанттары, әкімдіктердің, екінші деңгейдегі банктердің, «Атамекен» ҰКП, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ және консалтингтік ұйым өкілдері ауыл-қалаларға барады. Кәсіпкерлер қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары бойынша жергілікті жерде кеңес алып, қаржыландыру бағдарламаларына қатысуға өтінім бере алады.

Мобильді фронт-офистер кәсіпкерлерге субсидиялау, кепілдік пен жеңілдікпен кредит беру, микроқаржыландыру, лизинг, экспорттық жобаларды қолдау құралы, сондай-ақ оқыту, консультациялық сүйемелдеу мен кәсіпкерлік құзыретті дамыту секілді қаржысыз қолдау шарасы бойынша ақпарат береді.

«Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев атап өткендей, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы туралы кәсіпкерлерді ақпараттандыруға ерекше назар аударылып отыр.

«Биыл «Даму» қорының өңірлік филиалдары базасында біз «Бәйтерек» холдингінің бірыңғай фронт-офисін іске қостық. Жыл басынан бері бізге кәсіпкерлерден 12 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның ішінде Абай облысынан 553 және Шығыс Қазақстан облысынан 609 өтініш бар», — деді Фархат Сәрсекеев.

Бүгінде мобильді фронт-офистер Ұлытау, Жетісу, Абай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істейді. Жақын арада жоба еліміздің тағы бес өңіріне таратылады. Осы бастаманың арқасында 300-ден астам адам консультациялық қолдау алған.

Семейде мобильдік фронт-офис Орталық Арбаттағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көрмесі шеңберінде орналастырылды. Өңір тұрғындары мен кәсіпкерлері бизнесті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы бағдарламаларымен және қаржыландыру құралдарымен танысуға мүмкіндік алды.

IT саласындағы жеке кәсіпкер Ринат Жақашев жұмыстың жаңа форматын да жоғары бағалайды.

«Қазір мені субсидиялау мүмкіндігі қызықтырады. Өзім жеке қосымша құруды жоспарлап отыр едім. Ондағы негізгі шығындар әзірлеуге емес, өнімді жылжытуға байланысты. Мен үшін «Өрлеу» бағдарламасы ыңғайлы. Себебі онда қолайлы шарттар бар. Мобильді кеңсе тамаша идея екен. Тек оның келетінін алдын ала білсең болды», — дейді ол.

Жақын арада мобильді фронт-офистер базасында шағын бизнеске арналған консультациялық-оңалту орталықтарын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпкерлер даму, жобаларды кеңінен тарату және бизнесті жүргізуде туындайтын қиындықты еңсеру мәселесінде қолдау ала алады.