Референдум-2026

CATHAY PACIFIC CARGO Астана халықаралық әуежайы арқылы тұрақты жүк рейстерін іске қосты

Бүгін, 15:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
CATHAY PACIFIC CARGO Астана халықаралық әуежайы арқылы тұрақты жүк рейстерін іске қосты
Фото: Астана халықаралық әуежайы

1 тамыз күні Астана халықаралық әуежайында әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларының бірі әрі Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы болып саналатын Cathay Pacific Cargo әуе компаниясының алғашқы тұрақты жүк рейсін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана халықаралық әуежайының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Әуе компаниясы Астана халықаралық әуежайы арқылы аптасына бес тұрақты жүк рейсін орындауға кірісті. Бұл Қазақстанның халықаралық жүк логистикасын дамытудағы жаңа кезеңнің бастамасы болып табылады. Жаңа бағыттың іске қосылуы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі жетекші авиациялық хабқа айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің жүзеге асуына толық сәйкес келеді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Умиралиев, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Пыштанов, «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ атқарушы директоры Сарсенбек Кушкинов, сондай-ақ Cathay Pacific Cargo әуекомпаниясының өкілдері мен экипаж мүшелері қатысты.

Өз сөзінде Бауыржан Умиралиев Cathay Pacific Cargo әуе компаниясының Астана халықаралық әуежайы арқылы тұрақты жүк рейстерін бастауы Қазақстанның авиация және көлік-логистика саласы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, әлемдегі жетекші жүк әуе тасымалдаушыларының бірінің Қазақстан нарығына келуі еліміздің Азия мен Еуропаны жалғайтын сенімді көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді және жүк тасымалы көлемінің ұлғаюына, сондай-ақ азаматтық авиация саласының одан әрі дамуына серпін береді.

Айта кету керек, Cathay Pacific Cargo әуекомпаниясының тұрақты рейстерін іске қосу – Астана халықаралық әуежайының әлемдегі жетекші жүк әуе тасымалдаушыларының бірін тарту бағытында жүргізген жүйелі әрі ауқымды жұмысының нәтижесі. Бұл жоба бойынша жұмыс екі жыл бойы жүргізіліп, әуе компаниясы өкілдерімен көптеген келіссөздер, жұмыс кездесулері мен консультациялар өткізілді. Тараптардың өзара дәйекті ынтымақтастығының арқасында елорда әуежайы арқылы тұрақты транзиттік бағдарламаны іске қосу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Аталған жобаның жүзеге асуы Қазақстанның халықаралық авиациялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға және отандық авиациялық инфрақұрылымды жаһандық жүк әуе тасымалы жүйесіне одан әрі ықпалдастыруға мүмкіндік береді.

Анықтама үшін: Cathay Pacific Cargo – Гонконгтың ұлттық әуе компаниясы Cathay Pacific құрамындағы жүк тасымалы бөлімшесі және әлемдегі ең ірі жүк әуе тасымалдаушыларыныңбірі.

Компания жыл сайын 1,5 миллион тоннадан астам жүк тасымалдайды. Ол өз желісі арқылы 40-тан астам жүк бағыты бойынша әуе тасымалдарын жүзеге асырып, Гонконгтағы халықаралық авиациялық хаб арқылы әлемнің жүздеген қаласына жүк жеткізуді қамтамасыз етеді. Жүк рейстерін орындау үшін әуе компаниясы 20 заманауи Boeing 747 Freighter кең фюзеляжды жүк ұшағынан тұратын әуе паркін пайдаланады.

Cathay Pacific Cargo электрондық өнімдерді, фармацевтикалық препараттарды, тез бұзылатын тауарларды, бағалы және жедел жүктерді тасымалдауға маманданған әрі халықаралық авиациялық логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі.