Биыл елімізде көкжөтелмен ауырғандар саны 2,4 есеге төмендеді
Жыл басынан бері Қазақстанда көкжөтелдің 83 жағдайы тіркелді, бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылықтың 2,4 есеге төмендегенін көрсетеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті вакцинация көкжөтелдің алдын алудың алдын алудың ең тиімді тәсілі екенін еске салады. Соның ішінде ауыр асқынуды, әсіресе кішкене балалар арасындағы асқынуды болдырмайды.
«Биылғы 4 айда көкжөтелге қарсы жоспарлы вакцинациямен 178,9 мың бала қамтылды, оның ішінде 1 жасқа дейінгі 51,6 мың бала, 1 жастағы 46,7 мың бала және 6 жастағы 80,7 мың бала.
Сонымен қатар белгіленген мерзімде екпе алмаған балаларды толықтыра иммундау жалғасуда.
Жыл басынан бері екпе алмағандар қатарындағы 18 жасқа дейінгі 64,6 мың бала мен жасөспірім көкжөтелге қарсы вакцинацияны алды . Жұмыс қолда бар вакцинаны пайдалана отырып жүргізілуде және ол тоқтамайды», - делінген хабарламада.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары медицина ұйымдарымен бірлесіп, жұқпалы аурулардың, оның ішінде көкжөтелдің алдын алу, сондай-ақ профилактикалық екпелерді уақытылы алудың маңыздылығы мәселелері бойынша халық арасында тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Еске сала кетейік, Астанада әлемнің жетекші омыртқа хирургтары Қазақстанның тәжірибесін талқылады.