Бас прокуратура қазақстандықты Грузиядан экстрадициялады

Бас прокуратура қазақстандықты Грузиядан экстрадициялады
Бас прокуратура видеосынан скриншот

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметкерлері, Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден пара бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

«Тергеу барысында аталған адам жеке кәсіпкер болып, полиция қызметкеріне қылмыстық жауаптылықтан жалтару және оның массаж салонының одан әрі кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ақшалай сыйақы бергені анықталды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған», делінген хабарламада.

Биыл наурыз айында ол Рустави қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауымен елге экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. 

Айып тағылған қылмыстар үшін оған мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске сала кетсек, Теңіз кенішінде істеген 30-ға жуық шетелдік ел аумағынан шығарылды.