Бала асырап алуда ерлер мен әйелдердің құқықтары теңестірілді
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің нормасы Конституцияға сәйкестендірілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Конституциялық сотқа сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы 4 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Аталған Заң Конституциялық Соттың қорытынды шешімін іске асыруға бағытталған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін күшейту мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекске бірқатар түзетулер енгізуді көздейді.
Атап айтқанда, Конституциялық Сот 2024 жылғы 23 шілдедегі №49-НҚ қорытынды шешімінде Кодекстің 91-бабы 2-тармағы 11) тармақшасын Конституцияға сәйкес келмейді деп таныды.
Конституциялық бақылау органы бала асырап алу институтын құқықтық реттеу кезінде ең алдымен өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мұқтаж баланың мүдделерінен туындау қажеттігін, сондай-ақ некені және отбасы, ананың, әкенің және баланың құқықтарын қорғау жөніндегі Конституцияда айқындалған міндетті басшылыққа алу керектігін атап өтті. Осыған байланысты заңнамалық тетіктер бала асырап алуды ер адам мен әйел үшін тең жағдайларда, ең алдымен некеде тұрған және отбасы бар адамдар тарапынан қолдауға бағытталуы тиіс, өйткені бұл баланың мүдделерін барынша қамтамасыз ету мен оған қамқорлық жасаудың мақсаттарына неғұрлым сай келеді.
Конституциялық Соттың шешімін іске асыру мақсатында Заңмен Конституцияға қайшы деп танылған норма Кодекстен алынып тасталды. Сонымен қатар, 91-баптың 1-тармағы екінші бөлікпен толықтырылып, онда баланы асырап алу кезінде оның туыстарына басым құқық берілетіні, ал олар болмаған жағдайда – тіркелген некеде тұрған адамдарға басымдық берілетіні көзделді.
Еске салайық, бұдан бұрын Конституциялық Сот жер иелерінің сот арқылы қорғалу тәртібін нақтылағаны туралы хабарладық.