Астанада Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық акция басталды

Астанада Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық акция басталды
Фото: ұйымдастырушылардан

Бүгін елордадағы Орталық саябақта Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық айлық бастау алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен жыл сайын 26 мамыр мен 26 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде өтетін іс-шара «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кең ауқымды профилактикалық акцияға айналмақ.

Акция бағдарламасы аясында ауқымды флешмоб, концерттік бағдарлама, спорттық ойындар мен эстафеталар, автокөліктер көрмесі ұйымдастырылады.

«Акцияның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Осындай профилактикалық іс-шаралар арқылы олардың нашақорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру.

Бүгінгі таңда қоғамымызда жастарды есірткі таратуға шақыру жиіледі. Жыл басынан бастап қарайтын болсақ, 30-дан астам кәмелетке толмаған жас есірткі тарату фактілерімен ұсталған. Жастардың әсіресе, студенттердің қатысуымен болған қылмыстық істер де жоқ емес. Міне, жаз басталады, каникул болады, осы кезде жастар табыс табамыз деп алданып, есірткі таратушыға айналып кеткенін білмей қалуы мүмкін. Осындай келеңсіз жайттардың алдын алу үшін аталған ауқымды іс-шаралардың үлесі зор», - деді ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов.

Акцияға полиция қызметкерлері, ІІМ жанындағы есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, еріктілер мен жастар ұйымдары да атсалысты.

«Осы айлықты салтанатты түрде ашып, барлық елордалықтарды осы бағытта бізбен бірге жұмыс істеуге шақырамыз. Себебі тәуелсіз мемлекеттің ұрпағының санасы да тәуелсіз болуы керек. Бұл өте маңызды. Әрбір азамат осыған белсенді түрде атсалысуы қажет және балаларды жамандықтан сақтауда біз ешқандай аянып қалмауымыз тиіс.

Профилактиканың ең үлкені - алдын алу шаралары. Осы орайда ата-аналардың мектеппен серіктесіп жұмыс істегенін қалар едім. Өйткені біздің мүддеміздің қосылатын жері - мектеп, білім ұйымдары. Сондықтан ата-аналар бақылаушы, қызмет алушы статусынан арылу керек, міндетті түрде мектепке үлес қосу керек. Қазіргі балалардың психикасы -  ауқымды, әлемнің балалары. Олардың жоғары сезімталдықтарын әлсіздікке балауымыз дұрыс емес, керісінше жоғары бағалап, өнертапқыштық қасиеттерін қолдаған жөн», - деді ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР ІІМ Есірткі профилактикасы кеңесі мүшесі Баян Ақатай.