Астанада «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында «Кітап – білім бұлағы» атты эссе байқауы өтіп жатыр. Байқауды елордалық «Кітап оқитын ұлт» жобалық кеңсесі қалалық Білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Байқауға жалпы білім беретін мектептердің 8-10-сынып оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының бірінші курс студенттері қатыса алады.
Эссе көлемі 1000 сөзден аспауы керек. Ол плагиатқа және жасанды интеллектіні пайдалануға қатысты тексеріледі.

«Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. 29 қыркүйек - 9 қазан аралығында мектептер мен колледждердің ішкі кезеңі өтті. 12-16 қазан аралығында қалалық кезеңге қатысу үшін жұмыстар қабылданады. Қалалық кезең 19-30 қазан аралығында өтеді. Байқау қорытындысы 30 қазанда шығарылады», - делінген хабарламада.
Жеңімпаздарды қазылар алқасы 10 номинация бойынша анықтайды. Қалалық кезеңге қатысушылардың барлығына сертификаттар, ал жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың басты мақсаты – оқылған кітаптың мазмұнын баяндап беру ғана емес, шығарманы талдау, өз ойын тұжырымдау және дербес қорытынды жасау қабілетін көрсету.
Қатысушылар эсселерінде кітаптардың білім алуға, дүниетанымды қалыптастыруға және тұлғалық дамуға қатысты әсерін ашып көрсетуі, сондай-ақ өздерінің оқырмандық тәжірибесі жайлы ой бөлісуі керек.
Еске салсақ, Астанада «Үздік оқырман отбасы» байқауының жеңімпазы анықталған болатын.