Астанада белсенді зейнеткерлер арасында спорттық спартакиада өтті

Бүгін, 14:29
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада белсенді зейнеткерлер арасында спорттық спартакиада өтті
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елорданың «Ұлытау» дене шынықтыру кешенінде өткен жарысқа қаланың әр ауданынан жиналған жасы 65-тен асқан зейнеткерлер қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Спартакиаданың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыру, денсаулығын нығайту және спортқа деген қызығушылығын арттыру. Жарысқа қатысқан алты команда эстафеталық сайыстарда, асық атудан, арқан тартудан және басқа да спорттық бәсекелерде өзара мықтыны анықтады.

Астана қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Сарыарқа ауданы бөлімінің басшысы Кенжеболат Бәпішовтің айтуынша, мұндай шаралар зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа орта тауып, өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.

«Бүгін зейнеткерлерімізді спорттық жарысқа жинап отырмыз. Біздің мақсатымыз – олардың өздерін еркін сезініп, әлі де жастармен қатар бәсекеге түсе алатынын көрсету. Сонымен қатар үйде бос отырмай, денсаулығына көңіл бөліп, мүмкіндігі мен қызығушылығына қарай түрлі үйірмелерге қатысқанын қалаймыз. Жас кезінде жүзеге асыра алмаған армандарын орындауға да мүмкіндік болғаны жөн. Осындай шаралар арқылы аға буын өкілдерін бір ортаға топтастырып, белсенді өмір сүруге ынталандыруды көздейміз», – деді Кенжеболат Бәпішов.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар анықталып, жеңімпаздар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Сондай-ақ қатысушылар арасынан «Техникалық қабілеті үздік команда», «Ең өнерлі команда» және «Ең ұйымшыл команда» номинациялар да табысталды.

Еске салсақ, Астанада Азия Пара ойындарына қатысатын 150 спортшыны шығарып салды.