Астана қаласындағы №12 жалпы орта білім беретін мектептің педагогі Жарқынәлі Ошаев жеті мың ескі кітапқа «екінші өмір» сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Осыған дейін де қолөнер туындысымен көпшілікті таңғалдырған ұстаз бұл жолы өзі еңбек ететін білім ордасында ерекше арт-нысан жасады. Ол – биіктігі 8 метр болатын кітап мұнарасы. Кітаптардан құрастырылған бірегей туынды мектептің ата-аналары мен оқушыларының қызығушылығын тудырып отыр.
«Мұнараның ерекшелігі – оның шексіздік әсерін қалыптастыруында. Үлкен залдың ортасында орналасқан құрылым сырт көзге бірнеше метрден аспайтындай көрінеді. Алайда ішіне үңілген сәтте мұнараның ұшы зал төбесінен әлдеқайда биікке созылып жатқандай әсер қалдырады.
Бұл оптикалық иллюзия еден мен төбеге орнатылған айналардың көмегімен жасалған. Экспонат авторы осындай ерекше шешім арқылы кітаптың адамзатқа шексіз білім мен ақпарат әлемінің есігін ашатынын жеткізгісі келген», делінген хабарламада.
Жобаны іске асыру барысында қауіпсіздік талаптары толықтай ескерілген. Мұнараны құрастыруға қажетті ескі кітаптарды педагогтер мен оқушылар жинап әкелген. Сонымен қатар арнайы хабарландыру арқылы көне кітаптар сатып алынған.
Еске сала кетсек, Астанада түн ортасына дейін жұмыс істейтін ұлттық кітапханаға келушілер көбейді.




