Астанада «Медиа есірткіге қарсы» байқауы өтіп жатыр

Бүгін, 12:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада «Медиа есірткіге қарсы» байқауы өтіп жатыр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада интернеттегі қауіпсіздік, есірткінің алдын алу және жастарды цифрлық қауіптерден қорғау мәселелерін ақпараттандыруға бағытталған «Медиа есірткіге қарсы» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Байқауға бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-басылымдардың журналистері, блогерлер, цифрлық контент авторлары, редакциялар, медиа-командалар және шығармашылық бірлестіктер қатыса алады. Қатысу жеке немесе командалық түрде жүзеге асырылады.

Байқау екі номинация бойынша өткізіледі.

«Үздік сюжет» номинациясына мақала, сұхбат, журналистік зерттеу, репортаж, авторлық баған, теле және радиосюжет, подкаст және басқа да журналистік материалдар қабылданады.

«Үздік әлеуметтік бейнеролик» номинациясына Reels, TikTok, Shorts форматындағы әлеуметтік және анимациялық бейнероликтер ұсынылады. Бейнероликтің ұзақтығы 3 минуттан аспауы тиіс.

Материалдарда интернет арқылы есірткі тарату, интернет-алаяқтық пен цифрлық қауіптер, әлеуметтік желілердегі қауіпсіздік, балалар мен жастарды цифрлық ортада қорғау, кибербуллинг, дербес деректерді қорғау, медиасауаттылық және интернеттегі жауапты мінез-құлық мәселелері қамтылуы мүмкін.

Әр номинация бойынша жеңімпаздарға:

• 1-орын – 100 мың теңге;

• 2-орын – 50 мың теңге;

• 3-орын – бағалы сыйлық беріледі.

Қалған қатысушыларға атаулы электрондық сертификаттар табысталады.

Өтінімдер 22 қыркүйектен 20 қазанға дейін қабылданады. Құжаттарды қабылдау 20 қазан күні Астана уақыты бойынша сағат 23:59-да аяқталады.

Байқауға қатысу үшін талаптарға сәйкес материал дайындап, өтінімді толтыру қажет. Дайын жұмысты немесе материалға сілтемені sotskz@mail.ru электрондық поштасына жіберу керек.

Электрондық хаттың тақырыбында «БАЙҚАУҒА ӨТІНІМ: ҚАТЫСУШЫНЫҢ АТЫ-ЖӨНІ» деген белгі көрсетілуі тиіс.

Байқау бойынша қосымша ақпаратты +7 707 746 4760 телефон нөмірі немесе sotskz@mail.ru электрондық поштасы арқылы алуға болады.