Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Екі күнге созылған жарыста еліміздің өңірлерінен келген шабандоздар 3 санат бойынша бақ сынады: «Балалар» 100-110 см (12-14 жас), «Жасөспірімдер» 110-120 см (15-18 жас) және «Юниорлар» 120-130 см (16-21 жас).
Жарыс маршруттарының авторы – курс-дизайнер Тамила Ерқанат. Оның айтуынша, маршруттарды әзірлеу барысында қатысушылардың жас ерекшеліктеріне, дайындық деңгейіне және кедергілердің күрделілігіне ерекше назар аударылған.
«Әр жас санатына арналған маршруттар әртүрлі болды. Олар жарыстың бірінші және екінші күндерінде де, ең алдымен, күрделілік деңгейімен ерекшеленді.
Уақытымның басым бөлігін жарыс алаңында өткіземін. Себебі кедергілер арасындағы қашықтықтың қаншалықты дұрыс белгіленгенін, олардың өзара үйлесімділігін бағалау маңызды. Қалған уақытта төрешілер алқасының жанында болып, олардың пікірлері мен ескертулерін тыңдауға тырысамын.
Биылғы чемпионатқа еліміздің әр өңірінен өте мықты спорттық жұптар қатысты. Әсіресе, «Балалар» санатында қатысушылар саны көп болды. Барлық жас санатында болашағынан зор үміт күттіретін шабандоздар бар. Олардың әрқайсысына алдағы уақытта сәттілік пен спорттық жетістіктер тілеймін», - деді Тамила Ерқанат.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – елімізде ат спортын дамыту және кеңінен насихаттау, ұлттық құрама мүшелерінің спорттық шеберлігін арттыру, сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болашағы зор жас шабандоздарды анықтау.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша әр жас санатындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер белгілі болды.
«Балалар» санаты:
1-орын – Амина Есей (Cherry)
2-орын – Аделина Кошумбаева (Альхатал)
3-орын – Ғазиза Әбілдинова (Спектор-Сайгон)
«Жасөспірімдер» санаты:
1-орын – Хадия Советхан (Тасқара)
2-орын – Малика Серік (Победа)
3-орын – Эстелла Бабаян (Таймаз)
«Юниорлар» санаты:
1-орын – Бекжан Байжанұлы (King Diamond)
2-орын – Ислам Исламов (Несме)
3-орын – Софи Кожевникова (Hiana Blue)



