Астанада конкурдан FEI әлем кубогы Еуразия лигасының финалы өтеді

Бүгін, 14:44
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада конкурдан FEI әлем кубогы Еуразия лигасының финалы өтеді
Фото: Қазақстан Республикасының Ат спорты федерациясы

18-22 қараша аралығында Астанада Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) конкурдан әлем кубогы Еуразия лигасының финалдық кезеңі – FEI Jumping World Cup™ Eurasian League Final CSI-W Astana 2026 өтеді. Халықаралық турнир «Арғымақ» ат спорты кешенінің жабық манежінде ұйымдастырылып, Еуразия лигасының үздік шабандоздарын бір алаңға жинайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.

Бес күнге созылатын халықаралық додаға Еуразия лигасының рейтингінде үздік нәтиже көрсеткен шабандоздар қатысады. Жарысқа жалпы рейтинг бойынша алғашқы 40 орынға ие болған спортшылар шақырылады.

Сонымен қатар Еуразиялық ат спорты қауымдастығының (EEA) шешімімен шетелдік шабандоздарға және қабылдаушы ел Қазақстанның 10 спортшысына дейін қосымша орын берілуі мүмкін. Қатысушылардың жалпы саны 60 шабандоздан аспайды.

Халықаралық жарысқа қатысу үшін 11 мемлекеттің ұлттық федерацияларына шақырту жолданды. Олардың қатарында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей және Түрікменстан бар.

Конкур – ат спортының олимпиадалық түрі. Бұл сайыста шабандоздар белгіленген бағыт бойынша түрлі биіктіктегі кедергілерден өтеді. Жарыс нәтижесі қашықтықты дәл әрі жылдам еңсеруге, спортшының техникалық дайындығына және ат пен шабандоздың өзара үйлесімді әрекетіне байланысты.

Еуразия лигасының финалдық кезеңін Астанада өткізу Қазақстандағы ат спортының дамуы үшін маңызды оқиға болмақ. Халықаралық турнир отандық шабандоздарға әлемдік деңгейдегі жарыста бақ сынап, шетелдік спортшылармен тәжірибе алмасуға және өз шеберліктерін көрсетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бұл дода елімізде ат спортын кеңінен насихаттауға және Астананың ірі халықаралық спорттық іс-шараларды қабылдайтын қала ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.

Халықаралық турнирді барлық көрермен тегін тамашалай алады. Жарыс өтетін «Арғымақ» ат спорты кешеніне №18, 37, 303 және 323 қалалық автобус бағыттары арқылы жетуге болады.

Еске сала кетейік, Астанада конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасында ел чемпиондары анықталды.