Астанада алимент бойынша берешегі бар азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылды
Астана қаласының «Сарайшық» ауданының прокуратурасы Астана қаласының Мансап орталығымен және Астана қаласының Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасымен бірлесіп алимент және өзге де атқарушылық өндірістер бойынша берешегі бар азаматтар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – борышкерлерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу болды.
Жәрмеңкеге мемлекеттік органдардың өкілдері мен жұмыс берушілер қатысып, құрылыс, күзет, өндіріс, қызмет көрсету және логистика салалары бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды.
Іс-шара қорытындысы бойынша оннан астам азаматты жұмысқа орналастыру мәселесі пысықталуда, қажетті құжаттарды рәсімдеу және жұмысқа қабылдау шарттарын келісу жұмыстары жүргізілуде.
«Сарайшық» ауданының прокуратурасы халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, балалардың алимент алу құқықтарын қамтамасыз етуге және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.