Астанада Әкелер одағы 100 баланы қуантты

16 желтоқсан, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада Әкелер одағы 100 баланы қуантты
Фото: Астана қаласының Білім басқармасы

Тәуелсіздік күніне орай Республикалық “Әкелер одағы” бірлестігінің ұйымдастыруымен Астана қаласындағы «Балаларды қолдау орталығының» тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қайырымдылық пен патриоттық рухты ұштастырған бұл басқосу 100 баланың көңілінен шығып, олар үшін есте қаларлық мерекеге айналды.

Іс-шара барысында әкелер тәуелсіз елдің ұрпақтарын елордадағы ірі мейрамханалардың біріне апарып, патриоттық бағыттағы кездесу ұйымдастырды. Жиынның ашылуында Астана қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина құттықтау сөз сөйлеп, балаларды және қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде балалардың құқықтарын қорғау, оларды қолдау мен қамқорлық көрсету қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.

Патриоттық кездесуде елімізге танымал Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы «Еңбек адамы» әнін орындап, балаларды адал еңбек етуге, елге пайдалы азамат болып өсуге шақырды. Сондай-ақ рекордшы спортшы Тимур Спатаев өз өнерін паш етіп, балаларға ұлттық ойындар ойнатып, арнайы сыйлықтар табыстады.

Мерекелік іс-шара барысында балалар жайылған дастарқаннан дәм татып, әкелермен бірге түскі ас ішті. Сонымен қатар олар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, көтеріңкі көңілкүйде әсерлі сәттерді бастан өткерді.

Іс-шара соңында Республикалық “Әкелер одағы” бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет бұл бастама жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтіп, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Астана қаласының Әкелер кеңесінің төрағасы Бекдайыр Нығметұлына және қолдау көрсеткен барлық әкелерге алғыс білдірді.

Аталған іс-шара әкелердің қоғамдағы тәрбиелік рөлін арттырумен қатар, балаларға жылулық пен қамқорлық сыйлап, отансүйгіштік рухты нығайтуға бағытталды. Республикалық әкелер одағы алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастыруды көздеп отыр.