Астана медицина университетіне ұлттық мәртебе беріледі: ұжым Президент шешімін тарихи оқиға деп бағалады
Астана медицина университеті ұжымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары оқу орнына ұлттық мәртебе беру туралы шешімі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Үкіметтің Астана медицина университетіне ең жоғары – ұлттық мәртебе беру туралы бастамасын қолдады. Сонымен қатар Президент оқу орнына көрнекті ғалым, академик, «Қазақстанның Еңбек Ері» Төрегелді Шармановтың есімін беру жөніндегі ұсынысты да мақұлдады.
Университет ұжымының пікірінше, бұл шешім – отандық денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосқан бірнеше буын оқытушылардың, ғалымдардың, дәрігерлер мен студенттердің еңбегіне берілген жоғары баға.
Университет ректоры Анар Тұрмұхамбетова Президенттің бұл шешімі оқу орнының ұжымы, мыңдаған түлегі мен елдің медицина қауымдастығы үшін тарихи мәнге ие екенін айтты.
«Бұл – бізге берілген жоғары мемлекеттік баға ғана емес, ең алдымен үлкен сенім. Біз сол сенімді ақтауымыз қажет», – деді ректор.
Оның айтуынша, ұлттық мәртебе университеттің жаңа даму кезеңіне жол ашып, білім беру сапасына, ғылыми зерттеулерге және клиникалық тәжірибеге қойылатын талаптарды одан әрі күшейтеді.
Бүгінде Астана медицина университеті еліміздегі жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі саналады. Президент атап өткендей, университетте цифрлық денсаулық сақтау мен биомедицина бағыттары дамытылып, заманауи білім беру технологиялары енгізіліп, халықаралық ынтымақтастық кеңейтілуде. Сондай-ақ оқу орны Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне қажетті білікті мамандар даярлап келеді.
Университет ұжымы үшін оқу орнына академик Төрегелді Шармановтың есімін беру туралы шешім де ерекше маңызға ие. ЖОО-да ғалымның қоғамдық денсаулық сақтау, профилактикалық медицина және дұрыс тамақтану мәдениетін дамытудағы ғылыми мұрасы болашақ дәрігерлер мен жас зерттеушілер үшін маңызды бағдар болады.
Ректордың айтуынша, алдағы уақытта университет медициналық ғылымды дамытуға, жас ғалымдарды қолдауға, халықаралық әріптестікті кеңейтуге және әлемдік деңгейдегі мамандар даярлауға басымдық береді.
«Ұлттық мәртебе – тоқтап қалуға мүмкіндік емес, үлкен жауапкершілік. Бұл бізді күн сайын дамуға, сапаны арттыруға міндеттейді», – деді Анар Тұрмұхамбетова.
Университет ұжымы Мемлекет басшысына медициналық білім мен ғылымды дамытуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, қабылданған шешім оқу орнының жаңа даму кезеңіне жол ашатынын жеткізді.