Астана әуежайының аэродромында жоспарлы жөндеу жұмысы аяқталды

Астана әуежайының аэродромында жоспарлы жөндеу жұмысы аяқталды
Фото: Астана халықаралық әуежайы

Астана халықаралық әуежайының аэродромында жоспарлы жөндеу жұмысының кезекті кезеңі сәтті аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жұмыс барысында аэродром жабындары қалпына келтіріліп, таңбалар жаңартылды, жарық-сигналдық жүйелер жаңғыртылды. Бұл шаралар инфрақұрылымның сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі таңда перрон мен рулеж жолдарында жоспарлы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп, рейстердің тұрақтылығына әсер етпейді. Әуежай штаттық режимде жұмыс істеуде.

Алдағы маңызды жобалардың бірі – екінші ұшу-қону жолағын салу. Бұл бастама әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, операциялық тұрақтылықты күшейтіп, болашақ өсімге берік негіз қалайды.

Астана халықаралық әуежайы әуеайлақ инфрақұрылымын дамыту мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бүгінде аэродром халықаралық талаптарға толық сай жұмыс істеп, тұрақты техникалық бақылауда ұсталады.

Ұшу-қону жолағының жағдайы тұрақты бақылауда. Мамандар жүйелі түрде тексеру жүргізіп, қажетті жөндеу жұмыстарын уақтылы атқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі жыл сайын аэродром инфрақұрылымының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеріп отырады.

Жүк рейстерінің санын арттыру кезең-кезеңімен, барлық техникалық мүмкіндікті ескере отырып жүзеге асырылады. Бұл кең фюзеляжды жүк әуе кемелерін қабылдауға және халықаралық жүк тасымалын дамытуға жол ашады.

Айта кетерлігі, 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында аэродромда ауқымды жөндеу жұмысы жүргізілді. Осы кезеңде ұшу-қону жолағы күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін уақытша жабылып, рейстер кестесіне өзгерістер енгізілді.

Еске сала кетсек, Air Astana әуекомпаниясының ұшақтары Дубайға қайта қатынай бастайды.