Бүгінде «АИТВ инфекциясы» диагнозы белсенді, ұзақ әрі толыққанды өмір сүруден бас тартуды білдірмейді. Заманауи антиретровирустық терапия (бұдан әрі – АРТ) адамның иммунтапшылығы вирусының (бұдан әрі – АИТВ) көбеюін сенімді түрде басуға, иммундық жүйені сақтауға және АИТВ-ның жыныстық жолмен берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Емнің табысты болуының басты шарты – емдеуді уақытылы бастау және дәрілік препараттарды мамандардың бақылауымен тұрақты қабылдау, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
АРТ дегеніміз не және ол қалай әсер етеді
АРТ – АИТВ инфекциясын емдеу әдісі. Ол АИТВ-ның тіршілік циклі әртүрлі кезеңдерінде көбеюін тежейтін арнайы вирусқа қарсы дәрілік препараттарды тұрақты қабылдауды қамтиды. АРТ АИТВ-ны организмнен толық жоймайды, бірақ қандағы вирус мөлшерін өте төмен деңгейге дейін азайтады. Соның арқасында иммундық жүйе қалпына келіп, адамды инфекциялардан және басқа да бірқатар аурулардан қорғау қабілетін сақтайды.
Дұрыс таңдалған ем кезінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар білім алып, жұмыс істеп, отбасын құрып, спортпен айналысып, дені сау балалардың дүниеге келуін жоспарлай алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біріктірілген АРТ-ны адамның денсаулығын сақтаудың, иммундық жүйенің қызметін қолдаудың және АИТВ-мен байланысты аурулардың даму қаупін төмендетудің негізгі әдісі ретінде қарастырады.
Тиімділіктің негізгі көрсеткіші – вирустық жүктеме
Емнің тиімділігі ең алдымен вирустық жүктеме – қандағы АИТВ көшірмелерінің саны бойынша бағаланады. АРТ басталғаннан кейін бұл көрсеткіш біртіндеп төмендейді. Емдеудің мақсаты – вирустық супрессияға, яғни вирустың көбеюін басуға қол жеткізу. Ал ең жақсы нәтиже – анықталмайтын вирустық жүктемеге жету. Бұл жағдайда стандартты зертханалық тест қан үлгісінен вирусты анықтай алмайды. Нәтижеге қол жеткізу мерзімі әр адамда әртүрлі және бірнеше айға созылуы мүмкін.
«Анықталмайтын» деген сөз АИТВ организмнен жойылды немесе адам толық жазылды дегенді білдірмейтінін түсіну маңызды. Бұл терапияның тиімді екенін және вирустың мөлшері тест анықтай алатын шектен төмендегенін білдіреді. Сондықтан адам өзін жақсы сезініп, талдау нәтижелері жақсы болған жағдайда да емдеуді тоқтатуға болмайды.
«Анықталмайтын = берілмейді»: ғылыми дәлелденген факт
Заманауи АРТ-ның маңызды нәтижелерінің бірі «Анықталмайтын = берілмейді» (бұдан әрі – «А = Б») қағидатымен түсіндіріледі: анықталмайтын вирустық жүктеме – АИТВ жыныстық жолмен берілмейді дегенді білдіреді. Ірі зерттеулер АРТ қабылдап, вирустық жүктемесін анықталмайтын деңгейде тұрақты ұстап тұрған адамның АИТВ-ны жыныстық серіктесіне бермейтінін көрсетті. Бұл миллиондаған адамның өміріне оң әсер етіп, қорқынышты азайтуға және стигмамен күресуге ықпал етеді.
Алайда «А = Б» қағидатын вирустық жүктеменің зертханалық жолмен расталып, тұрақты ем қабылдау нәтижесінде басылғаны жағдайында ғана қолдануға болады. АРТ жыныстық жолмен берілетін басқа инфекциялардан қорғамайды және дәрігердің репродуктивтік денсаулық пен профилактика жөніндегі ұсынымдарын алмастырмайды.
Заманауи тәсіл: емдеуді негізсіз кейінге қалдырмау
Бүгінде АРТ өзін жақсы сезінуіне немесе CD4 жасушаларының бастапқы деңгейіне қарамастан, АИТВ инфекциясы расталған барлық адамдарға ұсынылады. Егер емдеуді өзгеше жүргізуге клиникалық себептер болмаса, диагноз қойылғаннан кейін емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет. Емді ерте бастау вирустық жүктемені тезірек төмендетуге, иммундық жүйені сақтауға және асқынулардың даму қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Нақты емдеу сызбасын дәрігер тексеру нәтижелерін, қатар жүретін ауруларды, дәрілік препараттардың ықтимал өзара әсерін және адамның жеке ерекшеліктерін ескере отырып анықтайды.
Заманауи емдеу сызбалары анағұрлым қарапайым әрі қолайлы бола түсті: көптеген пациенттер үшін күнделікті қабылдау аз мөлшердегі таблеткалармен шектеледі, ал препараттар жоғары тиімділігімен және жақсы көтерімділігімен ерекшеленеді. Кейбір елдерде және науқастардың жекелеген топтарына ұзақ әсер ететін инъекциялық препараттар да қолданылады. Алайда барлығына бірдей сәйкес келетін әмбебап емдеу сызбасы жоқ: препараттарды тағайындау, ауыстыру немесе тоқтату туралы шешімді тек дәрігер қабылдайды.
Қазақстан Республикасында азаматтарға АРТ мемлекет қаражаты есебінен тегін көрсетіледі. Ем тағайындау және одан әрі медициналық бақылаудан өту үшін АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі өңірлік орталыққа жүгіну қажет. Қаржылық қиындықтар емдеуден бас тартуға себеп болмауы тиіс: науқасты уақтылы медициналық бақылауға алынуы, дәрілік препараттарды тұрақты алуы және оларды қабылдауда үзіліске жол бермеуі маңызды.
Емді тұрақты қабылдау – нәтижеге жетудің негізі
Тіпті ең заманауи дәрілік препараттар да оларды тұрақты қабылдаған жағдайда ғана тиімді әсер етеді. Препараттарды өткізіп алу вирустың қайта көбейе бастауына, ал кейбір жағдайларда дәрілерге төзімділіктің қалыптасуына жағдай жасауы мүмкін.
Сондықтан дәріні қабылдауға ыңғайлы уақытты алдын ала белгілеп, еске салғыштарды пайдалану, дәрі-дәрмекті уақытында алу және туындаған кез келген қиындықты медицина қызметкерімен талқылау маңызды.
Егер препаратты қабылдау өткізіліп алынса, жағымсыз реакциялар пайда болса немесе күмән туындаса, дозаны өз бетінше екі еселеуге, емдеуге үзіліс жасауға немесе емдеу сызбасын өзгертуге болмайды. Емдеуші дәрігермен байланысып, оның ұсынымдарын орындау қажет. Заманауи медициналық көмек өзара серіктестік қағидатына негізделеді: маманның міндеті – науқасті сынау емес, емдеуді жалғастыруға мүмкіндік беретін оңтайлы шешім табуға көмектесу.
Бақылау тек талдаулармен шектелмейді
Медициналық бақылау вирустық жүктемені жүйелі түрде анықтауды, иммундық статусты және емнің қауіпсіздігін бағалауды қамтиды. Тексеру жиілігін дәрігер ұлттық клиникалық ұсынымдарға және науқастың денсаулық жағдайына сәйкес белгілейді. Егер вирустық жүктеме төмендемесе немесе қайтадан анықталатын деңгейге көтерілсе, маман препараттарды қабылдаудың тұрақтылығын, басқа дәрілік заттармен ықтимал өзара әсерін, препараттардың сіңуінің бұзылуын және дәріге төзімділіктің қалыптасу ықтималдығын бағалайды. Қажет болған жағдайда емдеу сызбасы түзетіледі.
Басты назар тек талдау нәтижелеріне емес, адамның өзіне аударылады. Психологиялық қолдау, ізгі ниетке негізделген кеңес беру, қабылдауға келудің ыңғайлы кестесі және дәрілік препараттарды ұзақ мерзімге беру емге бейімділікті сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар туберкулездің және басқа да инфекциялардың профилактикасы, көрсетілімдер бойынша вакцинация жүргізу, жүрек-қантамыр жүйесінің денсаулығына, дұрыс тамақтануға және психикалық әл-ауқатқа көңіл бөлу маңызды.
Әр адам не істей алады
АИТВ инфекциясын бақылаудың алғашқы қадамы – өзінің АИТВ мәртебесін білу. Тестілеу емді уақтылы бастауға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді. Тест нәтижесі оң болған жағдайда профильді медициналық ұйымға мүмкіндігінше ертерек жүгіну маңызды. Диагноз туралы ақпарат дәрігерлік құпияға жатады, ал әр адам құрметпен қарауға және кемсітусіз медициналық көмек алуға құқылы.
Егер АИТВ инфекциясы бұрыннан анықталған болса, АРТ-ны күн сайын қабылдау, тағайындалған тексерулерден уақытылы өту және қабылдап жүрген барлық дәрілік препараттар мен биологиялық белсенді қоспалар туралы дәрігерге хабарлау қажет. Туыстары мен жақындары үшін ең маңыздысы – адамға қолдау көрсету, ал қоғам үшін – жалған түсініктерден бас тарту. АИТВ қол алысу, құшақтасу, ортақ ыдыс пайдалану, тамақ немесе су арқылы, жөтелу, түшкіру немесе күнделікті тұрмыстық қарым-қатынас кезінде берілмейді.
Болашақты қайтаратын ем
АРТ – заманауи медицинаның ең маңызды жетістіктерінің бірі. Оның тиімділігі дәрілік препараттардың әсерімен ғана емес, емді уақтылы бастаумен, оны тұрақты қабылдаумен, вирустық жүктемені бақылаумен және пациент пен медициналық топ арасындағы сенімді өзара іс-қимылмен анықталады.
Осы шарттар сақталған жағдайда АИТВ инфекциясы бақылауға болатын созылмалы ауруға айналады. Адам өзінің өмір сапасын сақтап қана қоймай, инфекцияның таралуын тоқтатуға да өз үлесін қоса алады.
Астана қаласы әкімдігінің «АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК емдеу - алдын алу бөлімінің меңгерушісі - инфекционист дәрігер Г.Т. Шаяхметова