Әлем чемпионатына ауылдан қол бұлғау - 2
Финалдық ойынның әр сәтін телефоныма дауыстап жазып отырдым. Ол жазбалар мынау:
Финалды кәсіпқой бокстың бас жібін ұстайтын Майкл Баффер айқайлап ашты да, Лионель Месси ортадағы допты бірінші теуіп бастады. ...Бафферді айтамын да: небәрі 6х6 метрлік бокстың шаршы алаңында тұрып айқайлағанның жөні бөлек, ал 100х200 метрлік стадионға, сол стадиондағы 82 630 жанкүйерге айқайлағанына жол болсын. Оның айқайы еш құлақта қалған жоқ. Әмриқаң да «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояй береді» екен.
Қақпаны бірінші болып испандар көздеді. Қақпашы қағып үлгерді.
Екі футболшы қақтығысып, бірі құлап еді, төреші ойынды тоқтатқан жоқ. Онысы жөн — қит етсе ысқыра беруден футболшылар түгілі жанкүйердің өзі шаршап кетті. Футболың да өзінше бір төбелес! Тепкілесіп, қағысып, құлап-тұрып, қайта шайқасатын мәдени төбелес. Ондайдың бәріне ысқыра берсе, ойын болмайды, отырса — опақ, тұрса — сопақ болады.
Әзірге ойын ортада шиеленісіп жатыр. Қарсы қақпа жаққа допты бірте-бірте жылжытып жатқан команда — Испания. Міне, олар бірінші бұрыштама орындап үлгерді.
Мессиге бірінші рет доп жеткізіліп еді, оны қыр арқасынан қос қолмен түйіп жіберіп, жалпасынан түсірді.
Ойын қазан толы суды шайқағандай, арлы-берлі толқып тұр. Футболың да қызық өзі: бір допты екі қақпаға кіргізу үшін 20 адам жанталасады. Берілген 90 минут түгілі, одан соңғы «не бар, не жоқ» кезеңге берілетін 120 минутта да 20 адам бір допты екі қақпаға зорлана жүріп бір рет, екі рет қана кіргізеді, тіпті кіргізе алмауы да мүмкін. Бүгін де солай болардай көрінеді маған.
Аргентинаның қақпасына екінші бұрыштама белгіленді. Бұл — испандардың қарсыласын қысып жатқанының белгісі.
Ойынның 23-минуты соқты. Футболшыларды суатқа жіберді. Финал күні Америкада ауа райы футболшыларға жақтасып, желтең әрі салқын болып тұр. Бірақ бұрын ФИФА қабылдамаған заң осы бір 40 күнде үстемдік жасап, әр таймның тура тең жартысында екі команданың ойыншыларын да су ішуге жібереді. Бұл — қате шешім! «Футбол қандай ауа райы болса да ойналады!» деген қанатты сөздің астарында күн күйіп тұрса да, қар жауып тұрса да, кесте бойынша болуға тиіс футбол ойналуы керек деген мағына бар. Ал өзі 45 минутқа ғана созылатын футбол таймдарын тең екіге бөліп, ойлаған ойды да, ойнаған ойынды да ортасынан үзіп жіберу — футбол заңына қайшы. ...Оның үстіне, бұл 3 минуттың бас-аяғында жаңа ғана алаңда жалғыз-жалғыз атой салған 11 футболшыға бапкерлері килігіп, ақыл-кеңестерін үйіп-төгеді. Бұл да футболға жат ереже. Бір ойынға бапкер үшін берілетін мүмкіндік — ойын алды мен екі тайм арасындағы 15 минуттық үзіліс. Басқа кезде 11 ойыншыға жолауға ешкімнің хақысы жоқ. Сондықтан да командалардың бас бапкерлерін алаңға тым жақындатпайтын арнайы сызықтар сызылған.
Ойын көпшілікті тамсантардай қызықты емес. Финал ғой. Финалдың салмағы адам өлтірердей. Кездейсоқ болымсыз қателік ойын тағдырын шешіп кететінін әр футболшы-ақ түсінеді. Түсінеді де аяғын санап басады.
Испандардың басымдығы біліне бастады. Әсіресе, сол қапталда ойнап жатқан Кукурельяның ойыны ерекше. Қақпаның алдына допты көлденең тастауда Кукурелья жарап тұр. ...Тағы бірін тастады. Доп қақпаға соғылып еді, Аргентина қақпашысы бұл жолы да қайтарды.
Бірінші тайм аяқталмай жатып-ақ Аргентина құрамасы екі ойыншысын алмастырды: Мартинестің орнына Отаменди, Гонсалестің орнына Паредес шықты. Бұл алмастырулар олардың тығырыққа тіреліп жатқанынан хабар бергендей.
Тайм аяқталысымен 200-ге тарта бозбала стадионның жасыл алаңының бетіне арнайы дайындаған оюлы жабуды жауып жіберді! Бір стадионның көгалынан бір тал шөп те көрінбестей етіп жауып жіберетін жабу даярлап қойған ұйымдастырушыларға таңдай қағып, таңғаласың. Одан арғы әрекеттер футболға, оның ішінде футболдан әлем чемпионатының финалына көлеңкесін түсіретін әрекеттер болды: жабудың үстімен әртістер билеп, ән айтатын тұғырнамалар сүйреп әкелініп, футболдан әлем чемпионатының финалы ән мен биге айналды. Бұл әлем чемпионаты қаншалықты қызық пен шыжыққа толы болып жатса да, финалдық ойынның екі таймының арасында сол жасыл алаңда әлгі біздің қазақтар да ата-бабасының сөзіндей айтатын ШОУ (сайқымазақ) басталды да кетті. Ол келесі сағаттың 20-минуты басталғанда ғана бітті. ФИФА-ның «біз екі тайм арасындағы үзілісті 15 емес, 17 минутқа ғана создық» дегені — бос былшыл. Үзіліс құрығанда 25–30 минутқа созылды. Ал бұл — футбол ережесіне, оның үстіне 40 күндік чемпионаттың финалына жасалған көз көріп, құлақ естімеген зиянкестік! «Не от жансын, не отқа ұстаған ас піссін!» дейді екен түріктер. Солар айтқандай, ол күні 82 мың жанкүйер не футбол көруі, не ән тыңдап, биге бұлғаңдауы керек болатын.
Екінші тайм басталысымен испандар тағы да Аргентина ойыншыларын тықсырып келіп, қақпаға қауіп төндірді. Тағы да бір Құдай мен қақпашы Мартинес сақтап қалды.
Бірінші рет Аргентина бұрыштама алды. Месси тастады допты. Бұрыштама пайдаға аспады.
Көрген көзде жазық жоқ: Испания құрамасының қақпашысы Унаи Симонның қақпашылық қолғабы қызыл түсті — испандар қызыл жейдемен ойнап жатқан. Аргентина құрамасының қақпашысы Эмилиано Мартинестің киген қолғабы ақ түсті екен — Аргентина аққа тән жейдемен ойнады ғой.
Аргентина құрамасы тағы бір ойыншысын алмастырды. Яғни, алғашқы 11 ойыншы жақсы ойнай алмай жатыр деген сөз. Екінші таймның жартысы да өткен жоқ.
Екінші рет суатқа бармай тұрып-ақ Испания да екі ойыншысын алмастырды. Негізгі шабуылшы Микель Оярсабальдың орнына Ферран Торрес шықты да, Фабиан Руисті Педри алмастырды.
Ойын футболдан гөрі екі жақтың қақтығысына көп ұқсап келеді. Бірақ төреші ойынды үзе бермей, ысқырығын алақанына қысып жүр.
Аргентина тағы ойыншы алмастырды. Бұл — олардың ойындарының кете бастағанының белгісі.
...Месси алаң ортасында арлы-берлі көгал таптап қана жүр. Оның доп келсе дүр сілкінетінін білеміз. Бірақ доптың оған тигенінен тимегені көп. Кәрі арлан қорғаушыларға анда-санда айбат шегіп қояды. Бірақ футбол заңы — сес көрсету емес, қақпаға доп соғу ғой. Ол жағынан екі команда да ұятты.
Қарап отырып Мессиді Марадонамен салыстырып қоямын. Мексика мен Италияда өткен әлем чемпионаттарында көз құрышымды қандырған Марадона да негізінен тым төменге түспей, алаңның кеуде тұсында жүретін. Ол да өзіне домалап келе қалар допты күтетін. Доптың өзі келмесе, білегі мен балағын түріп тастап, өзі кіріп кететін топ ортасына. Содан алып шығатын! Ала допты аяғына бір байлады ма, енді одан допты тартып алу — әй, мүмкін емес-ау, мүмкін емес! Қарсыластар қақпасының алдында құйын тұрғызып, бұршақ жаудырып бір-ақ тынатын Марадона марқасқа! Бірақ кезіндегі Марадона мен бүгінгі Мессидің арасында он жылдай өте алмас жас шамасы жатыр. Бұл — бір допты 20 адам қуалаған құйын-перін бәсекеде аз жас емес.
Испания қылбұрауды одан әрі бұрай түсуде. Тағы да доп Аргентинаның қақпасына қарай зеңбіректің оғындай зулап еді, Мартинес қағып үлгерді. Бұл қақпашың әзірге қақпасына салынған қара құлыпты ашар емес! Футболдағы «Ең мықты қорғаныс — шабуыл!» болса, ол жағынан Аргентина ақсап тұр. Олар ілуде бір доп тигенде де Испания қақпасын тек алыстан көріп, оқ атар жерге жетпей кері қайтып жатыр.
Ойында барған сайын доп тебу мен аяқтан тебу мидай араласып барады. Бұл бір футбол мен ережесіз жекпе-жектің біріккен жобасындай болып көрініп, жүректі мұздатып қояды. Мына жекпе-жектің қорытындысын жобалай алмай, жан алқымға тығылып тұр.
Испания қысқан үстіне қысып жатыр. Бұрыштама берді испандықтар! Тағы бұрыштама! Тағы! Аргентинаның жаны әупірімдеп әрең қалып жатыр.
Екінші тайм аяқталды. Мұнда да төрт минут қосылды. Су бергеннен не пайда, ол уақыттар қосымша уақыт болып, ойынды ұзартып жатыр. Сол уақыттың бәрінде испандықтар басымдық көрсетті. Аргентинаның осы 98 минут бойы қалай гол жібермегенін түсіне алмай мен отырмын.
Үшінші тайм басталды. Алаңдағы ойынның қызуы металл қайнататын пештерден кем болмай тұр. Бір кезде... доп алуға ұмтылған испандық қорғаушы Пау Кубарсиге қарай допты бермеу үшін аргентиналық Энцо Фернандес қанатсыз ұшты. Бірақ кешікті. Допты Кубарси теуіп үлгерді. Фернандес өз қарқынын тоқтата алмай, Кубарсиді шалғымен шалғандай жалп еткізді. Кубарси ауада екі айналып барып, жерге гүрс ете түсті. Төрешінің ысқырығы да шыр етті. Сары қағазын көрсете беріп, қолын қалтасына қайта салған бас төреші дереу қызыл қағаз алып шықты. Осыдан үш минут бұрын төрешіге дауыс көтеріп дауласқаны үшін сары қағаз алған Фернандес екінші сары қағазын қызылға айырбастап, алаңнан қуылды. Онсыз да тек қорғанып жүрген Аргентина құрамасы үшін бұл — осы сәтте кесілген «өлім жазасы» еді.
Арада үш минуттей өтті ме, өтпеді ме, испандықтар тағы да Аргентинаның айып алаңына басып кірді. Осы кезде Педро Порро оң қанаттан қақпа алдына қалықтатып тұрып доп тастады. Допқа Аргентинаның қорғаушыларымен бірге испандық жартылай қорғаушы Нико Уильямс бірге ұмтылды. Доп жақтау сызықтан енді асады-ау деген кезде Нико Уильямс допты баспен кері қайтарып үлгерді. Доп қақпа алдында бағусыз тұрған Ферран Торреске дәл келді. Ойынның 61-минутында ғана алаңға шыққан испандық шабуылшы сол аяқпен-ақ допты қақпа маңдайшасына тиер-тимес етіп, торға топ еткізді! Ойынның тағдыры шешілгені әркімге әртүрлі себептермен белгілі болды. Мен бұған дейін де жарытып шабуыл жасамаған, бұған дейінгі 96 минут бойы «а, Құдайлап» әрең жүрген, бұған дейін толық құраммен де ештеңе тындырмаған, ал осы сәтте небәрі 10 ойыншымен қалған Аргентина құрама командасының қаһармандық танытып, ойынды теңестіріп кететініне күмәнді едім.
Солай болды. Қалған қысқаша бір жарым таймда бас көтергендей болғанымен, Аргентина футболшылары есепті өзгерте алмады. Ысқырықпен бірге испандық футболшылар аспанға қарғыды, аргентиналық ойыншылар жер бауырлады.
ӘЛЕМ КУБОГЫН Испания құрамасының капитанына ФИФА-ның президенті Д.Инфантино апарып бермек болып еді, оған мойынға медаль ілуге белсене қатысқан АҚШ президенті Д.Трамп жармасты. Екеулеп Кубокты Родриге жеткізді. Бұл қимылдар ФИФА заңына қарсы болатын. Әлем кубогын тұғырдан жеңімпаз команданың капитаны өзі барып алуға ғана хақылы еді. Оны Инфантиноның әкеліп беруі міндет емес болатын. Ал орта жолдан Трамптың қосарлана жабысуы ФИФА заңын осы чемпионатта ...-шы рет бұзды! Осының бәрі ФИФА маңайындағы болашақ шайқастардың алғышарттары болғалы тұр.
Тарихта тұңғыш рет 48 команда қатысып, бас-аяғы 40 күнге созылған футболдан кезекті әлем чемпионаты аяқталды! Жақсысы мен жаманы, табысы мен кемшілігі, қуанышы мен реніші егіз қозыдай қатар жүрген бұл чемпионаттың қорытындысын шығару — болашақтың шаруасы. Өзі ойнамаса да, сырттай жоспар құрып, қарап отырған Қазақстан футболы үшін де үйренер және жадында ұстар көп мәселелер болды. Оны елімізде футболға жауап беретін ақылды азаматтар қойын кітапшаларына жазып отырып, зерттейді деп үміттенеміз. Біз, журналист қауымы, көргеніміз бен білгенімізді сол жандар үшін жазып, жариялаймыз. Біз «ойнаған» футбол — осы. Бұл — бірінші тайм ғана. Алда тағы бір тайм бар. Кім біледі, бұл «ойынның» да үшінші, төртінші таймы болып қала ма? Ойын соңы 11 метрлік айып добын тебісуге ұласпайды деп кім айтты? Соларға сақадай сай болайық. Пікір қайшылығы — жақсы нәрсе. Тек сол қайшымен бір-біріміздің тілімізді қыршып алмайық...
Шолудың бірінші бөлігін мына сілтемеден оқи аласыздар.
Elordainfo.kz-тің футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы