Header Banner

Алаяқтар зейнеткерлерді қалай алдайды: полиция ең көп таралған бес тәсілді атады

Бүгін, 20:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Алаяқтар зейнеткерлерді қалай алдайды: полиция ең көп таралған бес тәсілді атады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Егде жастағы адамдар телефон және интернет алаяқтарының жиі құрбанына айналады. Қаскөйлер олардың сеніміне кіріп, жақындары үшін алаңдаушылығын пайдалану арқылы жинаған қаражатын иемденуге тырысады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының Полиция департаменті алаяқтықтың кең таралған бес тәсілі туралы ескертеді.

1. «Туысыңыз қиын жағдайға тап болды». Алаяқтар жақын адамыңыз жол-көлік оқиғасына ұшырады немесе полицияға ұсталды деген жалған ақпарат таратып, мәселені шешу үшін ақша талап етеді.

2. «Ақшаңызға қауіп төніп тұр». Өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырған қаскөйлер жинаған қаражатыңызды жалған «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.

3. «Есептегішті ауыстыру қажет». Коммуналдық қызмет маманы ретінде хабарласқан алаяқтар SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұрайды. Осылайша жеке деректер мен қаржылық сервистерге қол жеткізуге тырысады.

4. «Сізге өтемақы тиесілі». Қосымша төлем немесе зейнетақыны қайта есептеу сылтауымен банк картасының деректері мен растау кодтарын сұрайды.

5. «Тиімді инвестиция». Жоғары әрі кепілді табыс табуға уәде беріп, азаматтарды күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салуға үгіттейді.

Ақтөбе облысында осындай алаяқтықтың бір дерегі тіркелді. 65 жастағы зейнеткерге белгісіз адамдар есептегіш орнату сылтауымен хабарласып, SMS-кодты айтуды сұраған. Кейін өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар ер адамды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген. Нәтижесінде зейнеткер 4 миллион теңгесінен айырылған.

Есіңізде болсын: жақындарыңызбен дер кезінде жүргізілген түсіндіру әңгімесі оларды бар жинағынан айырылып қалудан сақтауы мүмкін.

Еске сала кетейік, елімізде пәтер ұрлығы 23,3 пайызға азайған.