Астана қаласының халықаралық әуежайында ұсақ бұзақылық жасаған жолаушы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Петропавл қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына сілтеме жасап.
«Астана–Дубай» бағыты бойынша рейске тіркелу кезінде бойжкеткен әуе компаниясы қызметкерінің тыйым салынған заттардың бар-жоғы туралы сұрағына әзіл ретінде «қаруым бар» деп жауап берген.
«Жолаушы осы сөзімен ол айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзған. Сот азаматшаның әрекетін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігімен (ұсақ бұзақылық) саралады», делінген хабарламада.
Істі қарау барысында сот жолаушының құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын және жасының небәрі 19-да екенін ескерді.
Азаматша кінәлі деп танылып, 86 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.
Еске сала кетсек, Астана әуежайында бомба туралы әзілдеген шетелдік рейске жіберілмегенін хабарлаған едік.