«Әділет» партиясы жалған аккаунттардан сақ болуға шақырды
Әлеуметтік желілерде «Әділет» партиясының атауын пайдаланып, оның атынан жалған ақпарат тарататын фейк аккаунттардың саны артқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осыған байланысты партия азаматтарға арнайы үндеу жасады.
Партия өкілдерінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттың барлығы бірдей ресми дереккөздерден жарияланбайды. Сондықтан тұрғындарға тек партияның ресми парақшалары мен ақпараттық ресурстарында жарияланған мәліметтерге сену ұсынылды.
«Әділет» партиясы барлық өзекті жаңалықтар, ресми мәлімдемелер мен хабарламалар тек ресми ақпараттық алаңдарда жарияланатынын еске салды.
Сондай-ақ партия азаматтарды арандатушылық сипаттағы хабарламаларға ермеуге, күмәнді ақпараттың шынайылығын тексеруге және жалған аккаунттар таратқан мәліметтерге сақтықпен қарауға шақырды.
Партия өкілдері ақпараттық қауіпсіздікті сақтау үшін тексерілмеген дереккөздерге сенбеудің маңыздылығына назар аударды.
Еске салсақ, «Әділет» партиясы AMANAT партиясының басшылығы мен мүшелеріне алғыс айтты.