Референдум-2026

25 мыңнан астам талапкер магистратураға түсу үшін тест тапсырды

25 мыңнан астам талапкер магистратураға түсу үшін тест тапсырды
Фото: freepik.com

Тестілеу басталғалы 25 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін КТ тапсырды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша түсушілердің 46%-ы, бейінді бағыт бойынша 27%-ы шекті балл жинады. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 76 балды, бейінді бағыт бойынша 25 балл болды. Ең жоғары балл – 134, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Тестілеу басталғалы 41 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 31 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 10 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады. Тестіленуші емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляция 7 жұмыс күні ішінде қарастырылады, одан соң сертификат оқуға түсушінің Жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет.

Естеріңізге сала кетсек, магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 61 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Магистратурада оқуға 11 мыңға жуық грант бөлінді.