Осыдан 32 жыл бұрын дәл осы күні теңге айналымға енгізіліп, еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің жаңа дәуірі басталды. Төл валютамыз бүгінде қағаз және цифрлық форматта дамып келеді. Мереке қарсаңында Ұлттық валюта күніне орай ҚР Ұлттық банкінің орталық филиалы директорының орынбасары Руслана Ищанова банкноттардың сериялары, цифрлық теңге туралы айтып берді.

Спикердің айтуынша, цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қолсыз ақшаны алмастырмайды. Керісінше оларды толықтырады. Бұл - бүкіл әлемдік қаржы жүйесінің жаһандық трансформациясын біріктіріп тұрған жалпы әлемдік тренд. Ол ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамытуда негізгі үш бағыт маңызды екенін айтты.
«Біріншіден, қауіпсіз, үздіксіз транзакцияларды , оның ішінде цифрлық валютамен жасалатын операцияларды қамтамасыз ету. Екіншіден, биометриялық сәйкестендіру үшін цифрлық сервистер енгізілуде. Бастысы қатысушылар арасындағы деректердің қауіпсіз алмасуын ұйымдастыру», - деді Руслана Қуанышқызы.
Осыдан тура 32 жыл бұрын, яғни 1993 жылы 15 қарашада таңғы сағат 8-де Мемлекеттік банк филиалдары құпия конверттерді ашып, теңгені енгізу рәсімін бастады. Үш күн ішінде ескі рубльдер жаңа ақшаға айырбасталды. Ал 18 қарашадан бастап теңге еліміздің жалғыз заңды төлем құралына айналды.
Қазақстан банкноттары осы уақытқа дейін бірнеше негізгі сериядан өтті.
«Біз бүгін ұлттық валютамыздың эволюциясына қарасақ, бесінші серия – «сақ стилі» кезеңі. Жаңа серия Қазақстанның бай мұрасын көрсетуге бағытталған және ең бастысы – қорғау деңгейін арттыру. Қазақстандық теңге – қолдан жасауға ең қиын, өте жоғары деңгейде қорғалған валюталардың бірі», - деді Ұлттық банк өкілі.
Оның айтуынша, жаңа серия банкноттарының ең үлкен жаңалығы – олардың өлшемі.

«Жаңа банкноттар едәуір кіші. Біз әлемдік тәжірибедегі өлшемдерді талдап, жаңа форматтың санауға, сақтауға, тасымалдауға әлдеқайда ыңғайлы екенін анықтадық», - деді Руслана Ищанова.
Сонымен қатар ол азаматтарға банкноттардың маңызды белгілері туралы да айтты.
«Біріншіден, қағаз сапасы ерекше болуы керек. Екіншіден, міндетті түрде қорғаныш жолағы – лента бар екенін тексеру керек», - деді ол.
Жаңа серия банкноттарының алдыңғы бетінде «Өмір ағашы», «Алтын адамның» бас киіміндегі элемент, ДНҚ спиралі бейнеленген.
Руслана Қуанышқызы жаңа серияның айналымға кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын айтты.
«Алғашқысы – 5 мың теңге, 2023 жылы шықты. Кейін 10 мыңдықтар шықты. 2024 жылдың желтоқсанында – 2 мың теңгелік, 2025 жылдың наурызында – алғаш рет 1 мың теңгелік банкнот, ал жыл соңына қарай – 500 теңгелік банкнотты күтеміз. 20 мың теңге 2026 жылы шығарылады деп жоспарлануда», - деді спикер.
Ал банкноттар екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы таратылады.
«Қолданыстағы банкноттар бірден айналымнан шықпайды. Олар жаңа банкноттарға кезең-кезеңімен айырбасталады. Ол үшін кез келген уақытта Ұлттық банк филиалдарына жүгіне аласыз», - деді Руслана Ищанова.