18 мыңнан астам ауыл тұрғыны цифрлық мемлекеттік қызметтерді алуды үйренді
Жыл басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендерінде тұратын 18 мыңнан астам азаматты оқытты. Оқу барысында азаматтар мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта өз бетінше алуды және заманауи цифрлық сервистерді пайдалануды үйренді, деп хабарлайды Elordainfo.kz корпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қамтылған азаматтардың ең көп саны Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарына тиесілі.
Сонымен қатар, «Таным» оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті.
«Электрондық мемлекеттік қызметтер мен заманауи онлайн-сервистерді тегін пайдалануды үйренгісі келетін азаматтар үшін еліміздің әр облыс орталығында оқу сыныптары жұмыс істейді. Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өткізіледі», - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұдан бұрын Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтің 88%-ы электронды форматқа көшірілгені туралы жаздық.