Жылу және электр желілерін диагностикалау үшін ЖИ енгізілуде

15 желтоқсан, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жылу және электр желілерін диагностикалау үшін ЖИ енгізілуде
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметінен

Үкіметтің қорытынды баспасөз конференцияларының сериясы аясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысының экономиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау үшін әзірленіп жатқан отын-энергетика кешенін басқарудың бірыңғай жүйесін (EnergyTech) енгізу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сонымен қатар жасанды интеллектіге ерекше назар аударудамыз. Енгізіліп жатқан құралдар өз тиімділігін тәжірибеде дәлелдеп отыр. Нарық өкілдерімен бірлесіп, саланың қажеттіліктерін анықтап, ЖИ қолданудың нақты сценарийлерін пысықтап жатырмыз. Негізгі міндеттер – әуе желілерін дефектоскопиялау және жылу желілерін ішкі диагностикалау. Бұл технологиялар адам көре алмайтын жасырын зақымдарды анықтауға мүмкіндік беріп, жөндеу шығындарын едәуір азайтады. Экономикалық әсері ондаған млрд теңгеге жетеді», — деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылы Цифрлық трансформация офисі құрылып, отын-энергетика кешенінің цифрлық трансформация картасы бекітілді, ақпараттық жүйелер мен деректер модельдерінің мақсатты архитектурасы әзірленді, сондай-ақ EnergyTech бірыңғай салалық платформасы қалыптастырылуда.

«2025 жылы екі ЖИ жүйесі пилоттық режимде сәтті сынақтан өтті: дрондар мен жасанды интеллектті пайдалана отырып, әуе электр беру желілерінің ақауларын анықтау жүйесі (күтілетін экономикалық әсері – 2,5 млрд теңге) және роботтандырылған кешен мен жасанды интеллект негізінде жылу желілерінің құбыр ішіндегі ақауларын анықтау жүйесі (күтілетін экономикалық әсері – 42 млрд теңге). Аталған екі жоба да қазіргі уақытта нормативтік тұрғыда бекіту және ауқымдау кезеңінде», – деді энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс.

EnergyTech бірыңғай платформасы SmartGrid және SmartField компоненттерін қамтиды. Олар киберқауіпсіздік талаптарын ескере отырып, салалық деректерді онлайн режимде беруді қамтамасыз етеді. QazTech платформасымен өзара іс-қимыл салалық деректердің сапасын арттырып, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын тиімді қолдануға жағдай жасайды.

Бұған дейін отандық зауыттарды техникалық жаңғырту мұнайды өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін жаздық